Фейк: «Дүкендердегі ұрлыққа қарсы жүйелер қатерлі ісік ауруын тудырады және өлімге әкеледі»
Қазнет пайдаланушылары, авторы дүкенге кіре берісте ұрлыққа қарсы жүйе жақтауында аспаппен өлшемдер алған бейнероликті талқылауда. Оның айтуынша, көрсеткіштер «мыңға жетеді», бұл «қатерлі ісік, онкология». Шындығында, қорқатын ештеңе жоқ.
Видео авторы пайдаланған құрылғыны желіде суретті кері іздеу арқылы таба алдық. Бұл – BR-9A портативті электромагниттік сәулелену детекторы, ЭМС өлшегіші. Оны белгілі қытайлық интернет-дүкеннен 19 еуроға сатып алуға болады. Өндірушінің айтуынша, аспап қуаттың спектрлік тығыздығын, электр және магнит өрістерінің қуатын өлшей алады. Айта кетейік, құрылғы көрсеткіштерінің дәлдігіне кепілдік беру және оны калибрлеу туралы еш жерде айтылмаған. Кейбір сатып алушылардың пікірінше, құрылғының көрсеткіштері дәл емес.
Видеода көрсетілген электромагниттік өрісті өлшеу әдісі дұрыс емес. Адамға және басқа тірі жандарға әсері туралы қорытынды жасай алатындай нақты деректер алу үшін бірнеше нүктеден өлшеу қажет, мысалы, дүкенде болса, қызметкерлердің жұмыс орындары мен сауда залын.
Видеороликте өлшегіш аспап ұрлыққа қарсы жүйеге жақын тұр. Сонда да құрылғының көрсеткіштері рұқсат етілген нормалардан асқан жоқ. Олардың ішіндегі ең жоғарғысы қуаттың спектрлік тығыздығы болды, яғни жиілікке байланысты сигнал қуатының таралуын сипаттайтын функция, яғни жиіліктің бір интервалына келетін қуат. Бұл өлшеу құралының объектіге барынша жақын тұруына байланысты.
Келесі көрсеткіштер – электр және магнит өрісі – қалыпты шекте болды. Тұрғын үй-жайлардың ішінде 0,5 кВ/м дейінгі көрсеткіштер электр өрісі үшін қауіпсіз деп саналады. Құрылғы орналасқан жеріне байланысты 600-ден 700 в/м-ге дейін көрсетті. Өлшеулер тұрғын үйде емес және сәулелену көзіне жақын жерде жүргізілгенін ескерсек, бұл көрсеткіштерді қалыпты деп санауға болады.
Жалпы халық үшін магнит өрісінің ұзақ әсер ету нормалары 40 мТ шегінде белгіленген. Видеодағы құрылғы 33,655 мТ көрсетті, бұл барынша рұқсат етілген мәннен аспайды.
Электромагниттік сәулелену иондаушы емес, яғни оған қатысты «радиация» термині қолданылмайды. Күшті электромагниттік толқындардың ұзақ уақыттық әсері ағзаға жағымсыз әсер етуі ықтимал. Бұған қарамастан, оның бірден қатерлі ісік ауруын тудыруы немесе өлімге әкелуі мүмкін емес. Сонымен қатар, рұқсат етілген мәндер шегінде бұл адамдар үшін зиянсыз. Әр түрлі елдерде уәкілетті органдар осы нормалардың сақталуын бақылайды.
Жалпы алғанда, видео дүкен иелерінің немесе әлемдік үкіметтің адамдарды ұрлыққа қарсы жүйелердің көмегімен өлтіруге деген ниетін дәлелдемейді. Бейнеде қолданылған құрылғы көрсеткіштерінің дәлдігін растау мүмкін емес. Сондай-ақ, көрсеткіштердің адам үшін қауіпсіз электромагниттік сәулелену деңгейінің рұқсат етілген мәндерінен аспайды.