Көп жылғы фейк: «Қатерлі ісік – ас содасымен емделетін саңырауқұлақ инфекциясы»
Әлеуметтік желілерде қатерлі ісікті ас содасымен емдеу туралы видео тарады. Сондай-ақ, онда осы әдістің авторы, бұрынғы онколог италиялық Тулио Симончини туралы айтылады. StopFake.kz қауымдастырылған профессор, медицина ғылымдарының кандидаты Найля Кабилдинамен бірге роликтегі ақпаратты талдады.
Қатерлі ісікті ас содасымен емдеу туралы фейктің шыққанына көп жыл болды. Бұл идеяны жақтаушылар жыл сайын оны Интернетте жаңаша түсіндіреді. Мысалы, қазір, «Қатерлі ісік 1969 жылдан бері емделеді», «Қатерлі ісік – емделетін саңырауқұлақ инфекциясы», «Қатерлі ісік натрий карбонатымен емделеді» деген тақырыпта бейнеролик таратылып жүр. Кадр сыртындағы дауыс осы «емдеу» әдісінің авторы Тулио Симончини туралы әңгімелейді.
Тулио Симончини бұрын онколог болған. Ол қатерлі ісік Candida albicans саңырауқұлақ колонияларынан туындаған және оны ас содасының инъекцияларымен емдеу туралы ұсынысымен танымал. Симончини пациенттерге химиотерапияның орнына натрий бикарбонатын тағайындаған. Оған бұл теорияны растайтын зерттеулердің болмауы кедергі болмады. 2006 жылы Симончини медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сонда да Албанияда клиника ашып, өз тәжірибесін жалғастырды. 2012 жылы Катанияның 27 жастағы тұрғыны Лука Оливотто ас содасымен емдеу курсынан кейін қайтыс болды, оған ми қатерлі ісігі диагнозы қойылған. Симончини науқасқа көктамырға ас содасын құю курсын тағайындаған. Екі күннен кейін науқас көз жұмған.
2016 жылы Тулио Симончини заңсыз медициналық қызметпен айналысқаны және абайсызда өлтіргені үшін 5,5 жылға сотталды.
Осы идеяны ұстанушылар мен қастандық теориясын жақтаушыларға бұл қайғылы оқиға ас содасымен емдеу туралы фейк ақпаратты таратуға еш кедергі емес. Олардың пікірінше, Симончиниді түрмеге қамау, «сенсациялық жаңалық» үшін жасалған әрекет қана. Бұл әлемнің барлық дәрігерлері үшін тиімсіз.
Онколог, медицина ғылымдарының кандидаты Найля Кабилдинамен бірге жоғарыда аталған роликтегі бірнеше маңызды жайттарды талдап шықтық.
«Қатерлі ісік – емделетін саңырауқұлақ инфекциясы», «Ол қатерлі ісіктердің өсіп келе жатқан Кандида саңырауқұлағы екенін түсінді».
Бұл пікір – жалған. Қатерлі ісік саңырауқұлақ инфекциясы емес.
ДДСҰ: «Қатерлі ісік – бұл дененің кез келген бөлігіне әсер ете алатын аурулардың үлкен тобына арналған жалпы термин. Қатерлі ісік ауруын анықтайтын белгілердің бірі -әдеттегі шектен тыс өсетін, содан кейін дененің басқа бөліктеріне өтетін, басқа мүшелерге таралуы мүмкін қалыптан тыс жасушалардың тез пайда болуы. Соңғы процесс метастаздың таралуы деп аталады. Метастаз – қатерлі ісіктен болатын өлімнің басты себебі.
– Әрине, қатерлі ісік саңырауқұлақ инфекциясы емес. Қарапайым тілмен айтқанда, қатерлі ісік – бұл жасушалық мутация ауруы, олар бақылаусыз бөлініп, өсе бастайды. Яғни мутацияланған, ісік жасушасының циклі бұзылады. Қатерлі ісіктің пайда болуының көптеген теориялары бар. Бұл эмбриональды ісік болуы мүмкін, онда эмбрионның қалыптасу деңгейінде қандай да бір бұзылулар пайда болды. Бұл кейбір инфекциялар аясында генетикалық мутация болуы мүмкін. Егде жастағы адамда бұл қартаюға байланысты болуы мүмкін, өйткені қартаюы жасушалардың өзгеруіне әкеледі», – деп түсіндірді профессор Найля Кабилдина.
Симанчинидің видеода айтқан тағы бір сөзі: «Метастаздар Кандиданың бүкіл денеге таралуына байланысты пайда болады».
– Метастаздар – бұл ісік жасушасының «тұқымы». Олардың таралуының әртүрлі жолдары бар – қан, лимфа арқылы. Бірақ оның да саңырауқұлақ инфекциясына ешқандай қатысы жоқ. Метастаздар – бұл аналық ісіктің аналық жасушалары», – дейді Найля Кабилдина.
Кадрдан тыс дыбыста Симачини «қатерлі ісіктің барлық түрлері ісіктің қай органда пайда болғанына қарамастан бірдей болғанын анықтады» деп айтылады. Бұл да жалған.
– Оларға ортақ нәрсе – кез келген ісік өседі. Ұқсастықтар осымен бітеді. Шын мәнінде, тіпті әрбір әйелде сүт безі қатерлі ісігі әртүрлі болады. Біз қатерлі ісіктің сипаттамаларын ескере отырып, оны әртүрлі емдейміз», – дейді Найля Кабилдина
Бүгінгі таңда қатерлі ісікпен күресудің тиімді әдістері хирургия, сәулелік терапия және химиотерапия болып табылады. Олар аурудың түріне байланысты тағайындалады.
Қатерлі ісік ауруын натрий карбонатымен емдеу әдісін әртүрлі елдердегі ғалымдар мен фактчекерлер бірнеше рет жоққа шығарған. Алайда, әлеуметтік желі қолданушылары осы тақырыптағы фейктерді жиі таратады. Дәрігерлер тиімділігі расталмаған дәстүрлі емес емдеу әдістерін қолдану арқылы пациенттер уақыт жоғалтып, ауруды асқындырып алуы мүмкін екенін ескертеді.
– Қатерлі ісік диагнозы қойылған адам үшін уақыт өте қымбат. Ауру анықталған және диагноз қойылған сәттен бастап, оның тез тексеріліп, емделе бастаса жақсы», – дейді дәрігер Найля Кабилдина.