Фейк: «COVID-19 қарсы вакцина – бұл ұзартылған эвтаназия»
Қазнет қолданушылары литвалық фельдшер Марина Корнатовскаяның кезекті жаңалығын талқылауда. Бұл жолы ол COVID-19 қарсы вакциналар бірқатар ауыр ауруларды тудырады және «ұзартылған эвтаназия» болып тбылады деп мәлімдеді. Мұның барлығы – фейк.
Марина Корнатовская желі қолданушыларына дәрігерлер өлім-жітімді арттыру үшін пациенттерді ӨЖЖ аппараттарына әдейі қосатындығы туралы фейк ақпарат таратқанымен белгілі. Бұл ақпарат бұған дейін жоққа шығарылған болатын. Кейіннен фельдшер COVID-19 туралы жалған жаңалықтар таратқаны үшін ұсталды.
Дегенмен, бұл оған одан әрі жалған ақпарат таратуға кедергі болмады. Атап айтқанда, AstraZeneca шығарған вакцина туралы.
Ешқандай дәлелдер келтірместен, ол препарат мүгедектікке әкелетін «сорпа» деп мәлімдейді, оны тек «кемтар» адамдарда ғана сынаған және сынақтың бірде-бір кезеңінен өтпеген деп өз-өзіне қайшы келеді.
Шын мәнінде, AstraZeneca вакцинасы клиникалық зерттеулердің барлық үш кезеңінен өткен бірнеше вакцинаның бірі болып табылады. Сынақтарға 18 жастан асқан, оның ішінде COVID-19 жұқтыру қаупі жоғары шамамен 40 000 адам қатысты. АИТС-статусы расталған немесе күдік келтірілгендер, ауыр аурулары бар немесе басқа вакциналарды сынауға қатысқандар тәжірибеге жіберілген жоқ. Есептер мен клиникалық зерттеулерде вакцинаны алғаннан кейін болған ауыр жанама әсерлер мен мүгедектіктің дамуы туралы айтылмаған.
Біз бұған дейін AstraZeneca шығарған вакциналардың құрамында қауіпті заттар бар және бұл мидың зақымдалуына әкеледі деген фейкті жоққа шығарған болатынбыз.
Осының бәрі Марина Корнатовскаяның сөздері ғылыми дәлелдерге емес, желіде кең таралған манипуляциялар мен фейктер негізінде ойдан шығарылғанын білдіреді.