Fake News

Қырғызстанда хлормен дезинфекциялау тоқтатылды – манипуляция

Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде хлор атипті пневмонияның туындауына сеп болуы мүмкін деп жазады. Олардың пікірнше, заттардың беттерін дезинфекциялық ерітінділермен өңдеу денсаулыққа қауіпті. Осы аптада көршілес мемлекет Қырғызстанның тәжірибесі мысал ретінде келтіріле бастады. Онда белсенділердің бірі «хлормен дезинфекциялауды тоқтатуға қолжеткізген екен» және «атиптік пневомония – бұл хлормен улану екенін дәлелдеген». Шын мәнінде, Қырғызстанда хлормен дезинфекциялау толығымен тоқтатылған жоқ. Оның үстіне, хлор буы атиптік пневмония тудыратыны дәлелденбеген.

Хлор ерітінділерімен санитарлық өңдеу жұмыстары тоқтатылғаны жайлы қауесет Қырғызстан вице-премьері Эльвира Сурабалдиева өзінің Twitter-аккаунтында пандемиямен күреске бөлінген бюджеттен хлор шығындары жолы алынып тасталғаны туралы жазғаннан кейін тарады.

– «Ұсақ-түйектерден». Мағынасыз, бірақ «шығындар» үшін өте қолайлы хлорды алып тастадым. (…) Бүгіннен бастап ковидпен күрес шығындарында ол болмауы керек», – деп жазды ол осы жылдың 7 қарашасында.

Сонымен қатар, Эльвира Сурабалдиеваның постында мұндай шешім хлор мен атиптік пневмонияның байланысына орай емес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасы аясында қабылданғаны жазылған.

Қырғызстан вице-премьерінің хабарламасына сәйкес, хлор мен оның негізіндегі дезинфекциялық заттар COVID-19-ға қарсы күреске бөлінген қаржы есебінен сатып алынбайды. Дегенмен, дезинфекциялық ерітінділерді ауруханалар мен басқа да медициналық мекемелердің бюджеттері есебінен алуға болады. Елде дезинфекциялау тоқтатылған жоқ. Мысалы, Сурабалдиеваның твитінен кейін келесі күні, 8 қарашада, Бішкекте қоғамдық көлікті хлорамин ерітіндісімен санитарлық өңдеу қайта басталды.

Қырғыз сарапшылары індет пен дезинфекциялық ерітінділердің өзара байланысы туралы теорияны бірнеше рет жоққа шығарды. Елдің жетекші пульмонологтары хлормен ұзақ мерзімді өзара әрекеттесу аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін екеніне қарамастан, химиялық зат пневмонияны тудыра алмайды деп мәлімдеді.

– Емханаларда медбикелер хлормен көп жұмыс істейді, егер бұл хабарламаларға сенсеңіз, олардың барлығында пневмония болуы керек, бірақ деректер мұны жоққа шығарады. Яғни, бұл жағынан хлор мен коронавирустық пневмония бір-бірімен байланысты деп те айта алмаймыз», – деді жоғары санатты дәрігер, пульмонолог Бермет Естебесова Sputnik басылымына.

2003 жылы Қырғызстанда атиптік пневмонияның таралуы да оның сөздерін растайды. Ол кезде қоғамдық орындарды хлор ерітінділерімен ауқымды өңдеу жүргізілген жоқ. Аурудың қоздырғышы SARS коронавирусы болды.

Коронавирустың дәл осы түрі 29 елде өршіп, 774 адам қайтыс болды.

Ресми мәліметтерге сәйкес, химиялық улану атиптік пневмонияны тудыруы мүмкін емес. Ол бактериялар, саңырауқұлақтар немесе вирустар әсерінен өршиді, мысалы, қызылша, тұмау, аденовирус, цитомегаловирус немесе коронавирустар.

Қорыта келе, Қырғызстанда хлормен дезинфекциялау тоқтатылған жоқ, тек пандемиямен күреске бөлінген қаржы есебінен оған негізделген дезинфекциялық құралдарды сатып алуға тыйым салынды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, белсенді Нұрбек Джээнбеков бұл шешімге ешқалай әсер етпег, өйткені ол хлордың атиптік пневмониямен байланысына орай емес, үнемдеу тұрғысынан қабылданды.
 

Фейктерді әшкерелеу – біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button