Фейк: «Ұялы телефонмен сөйлесіп жатып, су ішсеңіз, ток соғып, өліп кетуіңіз мүмкін»
WhatsApp-та тараған видео және аудио хабарламада ер адам ұялы телефонмен сөйлесіп жатқанда су ішуге болмайды деп ескертеді. Бұл жағдайда ток соғып, өліп кетуіңіз мүмкін екен. Бұл фейк.
Қуаттау құрылғысына қосылған ұялы телефондар өлімге әкелуі мүмкін деген теорияның «дәлелі» ретінде бейнебақылау камерасына түсірілген видео ұсынылған. Кадрларда диванда ұялы телефонмен сөйлесіп отырған ер адам көрсетілген. Біраз уақыттан кейін ол телефонын қуаттамақ болып, құрылғыны токқа қосады. Содан кейін су ішіп, бірден құлап, өледі.
Бұл видео 2021 жылы желтоқсанда Индонезияда, басқа да елдерде кеңінен тарады.
Оны индонезиялық фактчекерлер жоққа шығарды.
Нәтижесінде, видео қойылым болып шықты, ол алғаш рет үнді актрисасы Санжанаа Галранидің Facebook-тегі парақшасында жарияланды.
Мұны актрисаның парақшасында жарияланған басқа видеоларды көріп, байқауға болады. Олардың барлығы бір интерьерде түсірілген және бейнебақылау камераларына түсірілгендей етіп жасалған. Алайда, роликтерге әр түрлі жағдайларда әр түрлі адамдар түскен. Мысалы, видеолардың бірінде әкесі баласының көзінше ішімдік ішіп, темекі шегеді. Тағы бір видеода, анасы бөлмеде қайнатқышты қалдырып кетіп, баланың ток соғып өлгені көрсетілген.
Осының бәрі ұялы телефон туралы ролик те қойылым болғанын білдіреді.
Лондон императорлық колледжінің электротехника және электронды инженерия бөлімінің басшысы Эрик Йейтман AFP порталының тілшісіне берген сұхбатында телефонмен сөйлесіп тұрып, электр тогынан өлу мүмкін емес деп мәлімдеді.
«Телефонды қуаттау құрылғысының басында қауіпті желілік кернеуді сым арқылы өтетін және телефонға берілетін зиянсыз төмен вольтты тұрақты токқа айналдыратын блок бар», – деді ол.
Демек, таратылған видео фейк болып табылады. Бұл қойылымдық кадрлар. Ұялы телефонмен сөйлесіп тұрып, су ішу қауіпсіз.