Соңғы тамшыға дейін: телефон алаяқтары бәрін қалай тартып алады

Телефон алаяқтары туралы бәрі біледі, бұл қақпанға енді ешкім түспейтіндей көрінеді. Дегенмен, алаяқтар да қол қусырып отырмайды. Олар айласын асырып, сеніп қалған адамдардан бәрін тартып алады. Алаяқтық схемалар қалай жұмыс істейді және ақшаңызды қалай сақтауға болатынын айтып береміз.
Алаяқтар әлеуетті жәбірленушіге бірнеше рет қоңырау шалады. Әр жолы өздерін әртүрлі ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырады. Осылайша, ақшасын жоғалтып алуы мүмкін деп адамның сеніміне кіреді.
Бірінші қоңырау
Алаяқтық схемадағы алғашқы қоңырау ең қысқа болады. Алаяқтар өздерін коммуналдық қызмет өкілдері, ұялы байланыс операторлары немесе әртүрлі қызмет көрсететін провайдерлер деп таныстыруы мүмкін. Мәліметтерді нақтылауды желеу етіп, олар SMS-кодты сұрайды. Өзіне қажет ақпаратты алған соң алаяқтар әңгімені тоқтатады.
Мұның бәрі психологиялық айла. Ол адамды оның деректері ұрлануы мүмкін дегенге сендіруге бағытталған.
Екінші қоңырау
Бұл жолы алаяқтар ХҚКО қызметкерлері атынан хабарласады. Олардың айтуынша, үшінші тұлғалар жүйені бұзып, жәбірленушінің жеке деректерін жүктеп алған. Алаяқтар бұл мәселені шешумен құқық қорғау органдары айналысып жатыр дейді. Осылайша олар жәбірленушіні үрейлендіріп, оны сыни ойлау қабілетінен айырады.
Үшінші қоңырау
Енді алаяқтар құқық қорғау органдарының қызметкерлеріміз деп қоңырау шалады. Олар да жеке деректердің ұрланғанын айтып, барлық ақшаны қауіпсіз «сақтандыру» шоттарына аударуды ұсынады. Сонымен қатар, алаяқтар адамдарға болып жатқан жайт туралы біреуге айтуға қатаң тыйым салады, бұл «операцияны» құпияда сақтау керек. Әдетте, осы кезеңде жәбірленуші барлық ақшасын жоғалтып алудан қорқып, жинақтарын алаяқтар атаған «қауіпсіз шоттарға» аударады.
Төртінші қоңырау
Бұл соңғы қоңырауды алаяқтар бейнеқоңырау арқылы жасауы мүмкін. Бейнеқоңырау кезінде кадрда Қазақстан Республикасының елтаңбасы, оның жанында ту тұрады, ал өзін Ұлттық банк немесе ҰҚК қызметкері ретінде таныстырған алаяқ костюм киіп отырады. Ол жәбірленушіге енді ақшасының арнайы «сақтандыру» шоттарында қауіпсіз екеніне сендіреді. Алайда алаяқтар жәбірленушінің жеке деректерін иеленгендіктен, оның атына несие рәсімдеуі мүмкін. Ал бұған жол бермеу үшін жәбірленушіге несие лимитін өзі толық пайдаланып, банктен ірі сома алуға кеңес беріледі. Оны да телефон арқылы айтылған «қауіпсіз» шотқа аудару қажет болады.
Соңында не болады?
Әлбетте, бұл «қауіпсіз» және «сақтандыру» шоттарының барлығы ойдан шығарылған. Іс жүзінде бұл алаяқтарға тиесілі банктік шоттар. Аударымдар жасай отырып, жәбірленуші қылмыскерлерге өз ақшасын, соның ішінде несиеге алған ақшасын өз еркімен береді. Жәбірленушіге болып жатқан жағдай туралы ешкімге айтпауды талап ете отырып, алаяқтар жай ғана қорқытып қана қоймайды, сонымен қатар оны жақындарымен кеңесіп, олардың көмегімен алаяқтықты дер кезінде әшкерелеу және тоқтату мүмкіндігінен айырады.
Не істеу керек?
Алаяқтарды тануға және өзіңізді қорғауға көмектесетін қарапайым ережелер бар:
- Ешқашан телефонға келген SMS-кодты айтпаңыз. Коммуналдық қызмет өкілдері, ұялы байланыс провайдерлері және басқа қызметтер Сізден ешқашан мұндай нәрсені сұрамайды.
- Егер Сізге «ХҚКО-дан» қоңырау шалып, дербес деректердің таралғаны туралы айтса, онда бұл ақпаратты қайта тексерген дұрыс. Телефонды қойып, 1414 қысқа нөміріне қоңырау шалыңыз. Оператордан деректеріңіздің қауіпсіздікте екендігін тексеріңіз. Егер бәрі дұрыс болса, бұған дейін Сізге алаяқтар қоңырау шалған. Ал олай болмаған жағдайда, оператордан қандай әрекеттер жасау керектігін сұраңыз.
- Есіңізде болсын, құқық қорғау органдарының қызметкерлері Сізден ешқашан телефон арқылы қандай да бір ақпарат беруді және үшінші тарап шоттарына ақша аударуды талап етпейді. Полицейлер сізді бөлімшеге шақырады. Егер мұндай қажеттілік туындаса, олар сізге жауабыңызды жазбаша түрде рәсімдеуге көмектеседі.
- Тәртіп сақшыларының сізден қандай да бір ақпаратты жария етпеуіңізді ауызша талап етуге құқығы жоқ. Егер сіздің қатысуыңызбен бір істі тергеу жүріп жатса, онда сізден полиция бөлімінде жарияламау туралы қолхатқа қол қою сұралады.
- Алаяқтар айтатын «айна» шоттар – фейк. Мұндай шоттар жоқ. Сіз ақшаны үшінші тұлғаларға өз қолыңызбен аударғанға дейін барлық банктік шоттар әдепкі бойынша қауіпсіз.
Айта кетейік, «Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында осындай схемалардың қалай жұмыс істейтіні туралы жаңа ролик шықты. Өзіңіз қарап көріңіз:
Естеріңізге сала кетейік, Kaspi.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен адамдар алданып қалмас үшін жиі кездесетін алаяқтық схемалары туралы бірнеше бейнеролик түсірді. Жаңа видеолар әр екі апта сайын Kaspi.kz-тің ресми Youtube арнасында жарияланып отырады.