Fake News

WhatsApp-та бейтаныс адамнан келген файл: ашуға бола ма?

WhatsApp онлайн-алаяқтар үшін барған сайын танымал құралға айналуда. Олар заманауи алдау тәсілдерін белсенді қолданып жүр, олардың бірі — стеганография. Бұл қалай жұмыс істейді?

2025 жылғы сәуірде Hindustan Times жаңалықтар порталы Үндістанның Джабалпур қаласында орын алған оқиға туралы хабарлады. Қала тұрғыны WhatsApp арқылы бейтаныс нөмірден келген сурет файлын ашқан соң, ірі көлемде ақшасынан айырылған.

Алаяқтар графикалық файлдардың ішіне зиянды кодтарды жасырын түрде енгізуге мүмкіндік беретін стеганография технологиясын пайдаланған. Мұндай суреттер сырт көзге қарапайым болып көрінеді, бірақ ашқаннан кейін ол құрылғыға зиянды бағдарламаны автоматты түрде орнатуы мүмкін. Бұл бағдарлама құпия ақпараттарыңызға: банк есепшоттарына, құпия сөздерге, хабарламаларға, тіпті құрылғыны толық қашықтан басқаруға мүмкіндік береді.

2025 жылғы 25 сәуірде WhatsApp провайдері GREEN-API бұл қатер туралы ресми ескерту жасады.

«WhatsApp-тың Windows нұсқасында (CVE-2025-30401) осалдық анықталды. Бұл осалдық зиянды файлды ашуға итермелеу арқылы БҚ іске қосуға мүмкіндік береді. Бұл осалдықтың GREEN-API сервисіне қатысы жоқ, ол тек Windows-қа арналған WhatsApp қосымшасына ғана қатысты», — делінген ресми хабарламада.

Пайдаланушыларға қосымшаны жаңартуға және файл алған кезде өте сақ болуға кеңес берілді.

«WhatsApp-та таныс адамдардан келген файлдарды ашарда да өте мұқият болыңыз. Файлдың кеңейтімін (форматын) тексеріңіз. Егер кеңейтілуі күмәнді болса (мысалы, “.exe”, “.vbs”, “.scr”) — ашпаңыз.

Қазіргі дерекқорлармен жаңартылған антивирустық бағдарламаларды пайдаланыңыз. Бұл зиянды файл арқылы таралатын вирустардан құрылғыңызды қорғауға көмектеседі», — делінген GREEN-API сайтындағы ескертуде.

Сондай-ақ WhatsApp қосымшасының ресми сайтында файл жіберушінің сенімділігін тексеру қажеттігі үнемі ескертіледі.

Интернетте шынайы кибершабуылдармен қатар, жалған хабарламалар да жиі таратылады. Мысалы, 2022 жылы WhatsApp-та қайырлы таң немесе жақсы күн тілеген суреттерде фишинг кодтары бар деген жалған ақпарат кең тараған. Бұл мәлімет шындыққа жанаспайтыны дәлелденіп, ресми түрде жоққа шығарылған болатын.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button