Fake News

Алаяқтар танымал әлемдік брендтің атынан киім-кешек ұсынуда

Facebook-те танымал бренд – ZARA сауда маркасының атынан жарнама тарады. Онда 25 жастан асқан қазақстандықтарға бір жылдан астам уақыт сақталған киім жиынтығы ұсынылған. Бұл қоймадан жаңа модельдерге орын босату үшін жасалып жатыр екен. Бұл жарнама – фейк.

Әйгілі массмаркет желісіне қатысты жалған ақпарат Қазнетте осы жылдың ақпан айында шықты. Видеороликтерде ZARA дүкендері жаңа коллекциялар түсер кезде қоймаларды босататыны айтылған. Тауарларды алу үшін оны жеткізу құнын шамамен 1000 теңге төлеу керек.

Бұл ақпаратты Factcheck.kz тексерді. Портал журналистері Алматыдағы Inditex дистрибьюторына (ZARA брендінің иесі) хабарласқан. Компанияның ресми өкілі ZARA-ның бұл «акцияға» ешқандай қатысы жоқ және бұл алаяқтардың ісі екенін айтты. Видеода көрсетілген адамдар мұндай мәлімдемелер жасамаған ­- олардың бейнесі келісімсіз қолданылған, ал роликт жалған дауыспен дыбысталған. Ал видео жарнаманы таратып жатқан аккаунттар жалған.

Бүгінде Facebook-те шыққан жарнаманың ZARA брендіне де қатысы жоқ. Компанияның ресми сайтында да, әлеуметтік желілердегі парақшаларында да (Instagram, Facebook, YouTube) қоймаларды босату үшін киім-кешек таратылатыны туралы хабарламалар жоқ. Алаяқтар пайдаланушыларды алдау үшін танымал бренд атауын тағы да қолданып отыр.

Алаяқтар киім жиынтығын алу үшін ұсынылған сілтеме бойынша сайтқа кіруді ұсынады. Бұл фишингтік сайт. Жеке ақпаратты қалдыра отырып, қаражатыңызға және деректердің қауіпсіздігіне қауіп төндіресіз. Сақ болыңыз және Интернеттегі күмәнді ұсыныстарға сенбеңіз.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button