Қаржы пирамидасының негізгі белгілері
Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына жиі тап бола бастады. Бұл алаяқтық схеманың белгілері қандай және алаяқтардың құрбаны болмаудың жолы бар ма? Оны ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі түсіндіріп берді.
Қаржы пирамидасының негізгі белгілері
Агрессивті жарнама және лицензияның болмауы
Қатысушылардан бастапқы жарна төлеуді сұрап, нарықтағы көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары табыс уәде етіледі. Мұндай ұйымдар интернет пен әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, белсенді жарнамалық науқандар жүргізеді және жаңа клиенттерді тартқаны үшін қосымша сыйақылар ұсынады. Көп жағдайда мұндай компаниялардың қаржылық жағдайы туралы ашық ақпарат жоқ, сондай-ақ халықтың салымдарын тартуға немесе бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы болмайды.
Жаңа салымшылардан түсетін табыс
Қаржылық пирамидалар әртүрлі аталуы мүмкін, бірақ олардың жұмыс принципі өзгермейді. Қатысушылардың табысы тек жаңа салымшылардан қаржы тарту арқылы қалыптасады, ал алғашқы қатысушылардың табысы кейінгі салымшылардың қаражатынан төленеді.
«Сонымен қатар, көпшілік қаржы пирамидасын желілік маркетингке ұқсатады. Оның желілік маркетингтен айырмашылығы мұндай саудада тартылған адамдарға да белгілі бір пайыздар төленеді, алайда оның негізінде дистрибьюторлық желі қатысушылары сататын өнім тұр. Ал қаржы пирамидасының негізінде салымшылардың ақшасы тұр», – дейді ведомство өкілдері.
Жалған букмекерлік кеңселер және инвестициялық пирамидалар
Қаржы пирамидалары букмекерлік кеңселер мен инвестициялық компанияларының атын жамылуы әбден мүмкін. Бұл жағдайда қатысушыларға кепілдендірілген ұтыстар ұсынылады, алайда олардың лицензиясы болмайды. Олар мессенджерлер арқылы жалған чектер таратады. Ал заңды компаниялар қойылған ұтысты растайтын электронды немесе кассалық чектер ұсынады.
Инвестициялық пирамидалар - бұл да танымал схемалардың бірі. Бұл жағдайда қатысушыларға «жоғары кірісті» онлайн жобаларға ақша салу ұсынылады. Жаңа қатысушыларды тарту міндетті болмауы мүмкін. Ұйымдастырушылар жоба іске қосылғаннан кейін өте жоғары табыс уәде етіп, қажетті соманы жинағаннан кейін ізін суытады.
Қаржы пирамидасын құрғаны үшін ҚР ҚК 217-бабы бойынша мүлкі тәркіленіп, он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға, сондай-ақ белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыруға қылмыстық жаза көзделген.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде күннен күнге танымал болып жатқан қаржылық алаяқтықтың жаңа бір түрі – «Көтерме бағаға 16- iPhone» схемасы. Бұл жағдай классикалық қаржылық пирамидаға мысал бола алады.
Алаяқтар көтерме бағамен жаңа iPhone-ның ірі партияларына инвестиция салуды ұсынады, олар қайта сатудан артық пайда табуға уәде береді. Алайда, схема қаржы пирамидасының классикалық қағидаттарына негізделген: ескі қатысушыларға төлемдер жаңадан келген қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылады.
Бұл схема қалай жұмыс істейтіні, неге қауіпті және алаяқтардың айла – шарғыларына түспеу жолдары Fingramota.kz-те жазылған.