Мәжбүрлі вакцинация туралы мәлімдемелер – фейк
Instagram-да қазақстандық қолданушылар Польшада мәжбүрлі вакцинациялау туралы заң қабылдағандығы туралы хабарламаларды талқылауда. Қазір бұл елде екпеден бас тартқан науқастарды байлап тастауы немесе оларға күш қолданылуы мүмкін. Бұл өтірік. Stopfake.kz әңгіменің нақты не туралы екенін анықтады.
Әлеуметтік желілердегі наразылық 20 қазанда «COVID-19 пайда болуына байланысты дағдарыстарға қарсы іс-қимылға байланысты кейбір актілерге өзгерістер енгізу туралы» заң жобасының мәтіні жарияланғаннан кейін орын алды.
Пайдаланушыларды физикалық күш қолдану, байлау және мәжбүрлі емдеу туралы жазылған тармақтар таң қалдырды.
Біріншіден, заң жобасына енгізілген түзетулер әлі ресми түрде қабылданған жоқ. Оларды Польша Парламентінің төменгі палатасы – Сейм мақұлдады. Бұдан кейін оларды Сенат мақұлдауы керек, содан кейін ғана түзетулер заңды күшіне енеді.
Екіншіден, бұл тараулар 2008 жылғы 5 желтоқсандағы заңда жазылған (ол 2009 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді). Бұған дейін мұндай ережелер елде 2001 жылы қабылданған заңға сүйене отырып қолданылған.
Екі нұсқада мәжбүрлі емдеу және ауруханаға жатқызу тек «басқа адамдардың денсаулығына немесе өміріне тікелей қауіп төндіретін аса қауіпті және өте жұқпалы ауруға күдіктенген немесе диагноз қойылған адамдарға ғана қатысты» деп көрсетілген.
Сондай-ақ, 2008 жылғы заңның редакциясында «тікелей мәжбүрлеу шарасын таңдағанда, бұл адамға ең аз ауыртпалық түсіретін шараны таңдау керек, ал тікелей мәжбүрлеу шарасын қолданған кезде, өте абай болу керек және сол адамның әл-ауқатына қамқорлық жасау керек» делінген.
2008 жылдан бастап бұл тұжырымдар осы уақытқа дейін өзгерген жоқ. Үстіміздегі жылдың қазан айында қолданыстағы заңға бірнеше сөз қосылды – қазір бұл ереже ауруханаға мәжбүрлі жатқызылған адамдарға да қатысты.
Айта кетейік, мәтін 2008 жылдан бері алғаш рет толық жарияланды. Осы кезеңде оған 7 түзету енгізілді. Азаматтар мәтінмен қазіргі заң аясында тағы бір танысып шығуы үшін ол баршаның назарына ұсынылды. Кейбір пайдаланушылар бұл мүлдем жаңа заң және ол Польшаның барлық азаматтарына қатысты болады деп қателескен.
Денсаулық сақтау министрлігінің Байланыс департаментінің өкілі Агнешка Почшенст-Мотычинская үстіміздегі жылдың 6 қазанында Польшада коронавирусқа қарсы вакцинациялау жоспары әзірленгенін, оған сәйкес шамамен 10 миллион адамға тегін екпе жасалатынын айтқан болатын. Ол вакцинациялау міндетті және мәжбүрлі болмайтынын атап өтті.
– Вакцина жасау ұсынылады. Олар мемлекеттік қаражаттан қаржыландырылатын болады. Бірінші кезекте екпелер халықтың қауіпті аймақтағы санаттарына – қарт адамдар мен медицина қызметкерлеріне жасалады, – деді ол.
Сіздерді тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз. Жаңалықтың шынайылығын біздің порталдың көмегімен тексеруге болады. Өзіңізді қызықтырған ақпаратты t.me/stopfake_kz Telegram-арнасына немесе +7 707 739 5599 What’s App номеріне жіберіңіз.