Fake News

Болашақ келді: алаяқтар адамдарды алдау үшін нейрожелілерді қалай пайдаланады

Жасанды интеллект күнделікті өмірдің маңызды бөлігіне айналуда. Туған күнге арналған ашық хат жасағанда, жұмыс істегенде, тіпті диваннан тұрмай-ақ шәйнекті қосу үшін де нейрожелілерді пайдаланамыз. Прогресс алаяқтарды да айналып өткен жоқ. Олар жасанды интеллектіні қалай қолданады және қауіпсіздікті қалай сақтау керек, осы жайлы баяндайық.

Киберқылмыскерлер нейрожелілер арқылы дауысты бұрмалайды. Бұл қалай жасалады, хабарламаны жақын туысыңыз емес, алаяқ жібергенін қалай түсінуге болады – бұл туралы мәтіннен оқыңыз.

Мессенджерлерді бұзу

Біреудің дауысын салу үшін заманауи нейрожелінің өзіне де толыққанды үлгі қажет. Алаяқтар мессенджерлердегі аккаунттарды бұзып, ондағы дыбыстық хабарламаларды жүктеп алып, олардың көмегімен жасанды интеллектіні үйретеді.

Алаяқтар біреудің Telegram немесе What ‘ sApp аккаунтына бірнеше жолмен кіре алады. Олар ресми тұлғалардың атынан хабарласып, әр түрлі сылтаулармен SMS және мессенджерлерден кіру кодтарын талап етуі мүмкін. Тағы бір жолы – конкурсқа қатысып жатқан балаға дауыс беруді немесе жүлделер ұтысына қатысуды сұрайтын сілтемелер жіберу. Мұның бәріне ортақ нәрсе – жәбірленушіден мессенджерде немесе SMS арқылы келген кодты айтуды немесе барлық деректер тікелей қылмыскерлерге түсетін қорғалмаған сайтқа өтуді сұрау.

Алдау

Қаскүнемдер белгілі бір адамның дауыс үлгілерін алғаннан кейін қарызға ақша сұраған жаңа хабарлама жасайды. Бұл аудионы олар аккаунты бұзылған дауыс иесінің контактілеріне жібереді. Сонда мынадай жағдай орын алады: сізге жұбайыңыздан, ұлыңыздан немесе ескі досыңыздан хабарлама келеді, онда олар белгілі бір мөлшерде ақша сұрап, оны шұғыл түрде бейтаныс бір картаға аудару керек дейді. Әрине, сіз бұған алаңдап, абдырап, аз уақытқа болса да ойлану қабілетінен айырыласыз. Нәтижесінде, алдымен ақша аударып алып, тек содан кейін ғана не болғанын ойлана бастайсыз. Бірақ ақшаны енді қайтару мүмкін емес.

Енді не істеу керек?

Біріншіден, не болса да, ешқашан ешкімге SMS немесе мессенджерлердегі құпия сөздерді айтпаңыз. Банк пен полиция қызметкерлері, емханалардағы медбикелер мұны талап етпейді.

Екіншіден, дауыс беру, сауалнамадан өту және ұтыс ойындарына қатысу туралы күмәнді сілтемелер арқылы өтпеңіз, оларды туыстарыңыз немесе достарыңыз жіберсе де, қауіпсіздік бәрінен артық екенін ұмытпаңыз.

Үшіншіден, егер сіз өз аккаунтыңыздың бұзылғанын түсінсеңіз, сізге қарызға ақша бере алатын туыстарыңыз бен жақындарыңызға шұғыл тұрде қоңырау шалыңыз. Алаяқтар сіздің атыңыздан әрекет етуі мүмкін екенін ескертіңіз.

Төртіншіден, егер сізге жақын адамыңыздан қарызға сұраған хабарлама келсе, аударым жасауға асықпаңыз. Алдымен қоңырау шалып, ақша оның атынан хабарласқан адамға емес, оның өзіне қажет екеніне көз жеткізіңіз.

Нейрожелілердің дамығанына және қылмыскерлердің тапқырлығына қарамастан, қырағылық сақтасаңыз, қауіпсіздікте болу қиын емес екенін ұмытпаңыз.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button