15 қыркүйектен бастап балаларды қашықтан оқытуға жіберу және маскамен жүру режимін енгізу туралы хабарлама – фейк
Қазақстандық оқушылардың ата-аналары чаттар мен әлеуметтік желілерде тараған хабарламаға алаңдауда. 15 қыркүйектен бастап елімізде маска тағу режимі енгізіліп, оқушылар қашықтықтан оқуға жіберіледі екен. Бұл жалған.
ҚР Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
«Мессенджерлерде 15 қыркүйектен бастап балаларды қашықтан оқытуға жібереді және мекемелерде маскамен жүру режимі енгізіледі деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
Жыл сайын эпидемиялық маусым кезеңінде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізуді көздейтін ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы бекітіледі. Қаулыға сәйкес, ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен бастап тұмауға қарсы вакцинация жүргізу басталады. Маска тағу режимі тек медициналық ұйымдардың қызметкерлері үшін ғана енгізіледі.
Қаулымен толығырақ ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтында мына сілтеме бойынша танысуға болады.
Барлық азаматтарды ресми ақпарат көздеріндегі сенімді ақпаратқа сенуге шақырамыз», – делінген ҚР Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті баспасөз қызметінің хабарламасында.