Манипуляция: «БҰҰ бейбітшілік елшісі планета халқын 90% қысқартуды ұсынды»
Қазнетте БҰҰ жанындағы британдық бейбітшілік елшісі Джейн Гудолл адамзатты 90%-ға қысқартуға шақырады деген ақпарат тағы да таралуда. Бұл климаттың өзгеруін тоқтатуға мүмкіндік береді екен. Гудолл мұндай мәлімдеме жасады ма? Анықтайық.
Джейн Гудолл приматолог ретінде белгілі. Ол өмірінің көп бөлігін шимпанзелердің әлеуметтік өмірі мен интеллектісін зерттеуге арнаған. 2002 жылы БҰҰ-ның бейбітшілік елшісі болып тағайындалды.
Instagram-дағы жазбада қолданылған скриншоттардың көбі әртүрлі жылдардағы жаңалықтар пабликтерінен алынған. Шын мәнінде, бұл ақпарат Джейн Гудоллдың 2020 жылы Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда сөйлеген сөзінен шыққан. Пікірталас Амазония елдерінің тұрақты болашағын қамтамасыз етуге арналды. Конспирологтар оның сөзін халықтың 90%-ын қысқарту керек деп түсінеді.
Ақпаратты көптеген әлемдік фактчекерлер, атап айтқанда, Украина мен Эстония мамандары тексеріп, жоққа шығарды.
Гудоллдың бұл сөзі Дүниежүзілік экономикалық форумның ресми YouTube арнасында әлі де бар. Оны тыңдап көруге болады. 31:37 минутта ол кейбіреулер дұрыс түсінбеген немесе әдейі басқаша түсіндірген сөйлемді айтады:
«Біз халық санының өсуін жоққа шығара алмаймыз, өйткені бұл көптеген басқа мәселелердің түптамыры болып табылады. Әлемдегі халықтың саны 500 жыл бұрынғыдай болса, біз көтеріп отырған осы нәрселердің бәрі проблема болмас еді».
Приматолог халықтың көптігі экологиялық проблемалардың бірі дейді. Осыған орай планетамызда жаңа қиындықтар туындауда. Гудолл популяцияны ерікті түрде оңтайландыру қажет дейді. Отбасын жоспарлау бағдарламаларын енгізу адамдардың басым бөлігіне білім алуға мүмкіндік беруге тиіс.
Гудоллдың сөзінше, халық санының арутына байланысты Танзаниядағы көптеген ормандар жойылды. Приматолог көп ағаш егіп, еттен бас тартуға шақырады. Бұл жерді мал мен жем өсіру үшін пайдалануды тоқтату үшін керек.
Джейн Гудолл халықты 90% қысқартуға мүлдем шақырған емес. Оның пікірінше, халық санының өсуі климаттың өзгеруіне әкеледі, бұл ретте шара қабылдау керек. Оның сөздері манипуляция жасау үшін әдейі өзгертілген.