Фейк: «Финляндияда адам етінен дайындалған фаст-фуд сатуда»
Instagram-да Финляндияда көшедегі дәмханалардың бірінде «адам етінің дәмі бар» гамбургерлер сатылатыны туралы репортаж жарияланды. Бұл Еуропаның осы елінде каннибализмнің заңдастырылғанының белгісі екен. Бұл олай емес.
Видеода 2018 жылдың қазан айында «РЕН TV» телеарнасында шыққан репортаж көрсетілген. Тілші промоакция туралы айтады. Оны «Жүре алатын өліктер» сериалының тоғызыншы маусымын шығарғандар ұйымдастырған.
Адамдардың назарын қорқынышты телехикаяларға аудару үшін Хельсинкиде Наринккатори алаңында бірнеше сағатқа фудтрак қойылды. Онда ерекше тағам дайындалды. Лондондық аспаз Том Вулф қонақтарға «адам етінің дәмі бар» гамбургер ұсынды.
Журналистке берген сұхбатында ол рецептіні әзірлеу үшін адам етін жеп көргендердің жазбаларын арнайы зерттегенін айтты. Вульф сиыр, шошқа етінен және тауық бауырынан котлет жасаған. Әрине, оның құрамында адам еті болған жоқ.
Промоакцияның ерекше атмосферасын көрермендер де қолдады. Олар мерекеге зомби сияқты киініп келді. Вулф дайындаған тағамды жеп көргендер басқалармен өз әсерлерімен бөлісті. Біреулер ет тауық етіне немесе тунецке ұқсайды десе, басқалары оны бұзау еті деп ойлаған.
Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, Финляндияда адам етінен гамбургерлер сатылмағанын түсінеміз. Бұл танымал телесериалдың жаңа маусымының шығуына орай көрермендерді барынша көп тарту үшін ұйымдастырылған шара.