Фейк: «Коронавирус – радиоактивті бактерия»
Қазнетте COVID-19 вирус емес, оны радиацияға ұшыраған және қан ұюынан адамның өліміне әкелетін бактерия тудыратыны туралы ақпарат тарады. Мұны Набережные Челна қаласының дәрігерлері ДДҰ хаттамасын елемей, COVID-19 ауырған адамды тексергенде анықтаған екен. Ақпарат Татарстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің атынан таратылуда. Бұл ғылымға қарсы фейк.
Татарстанда мұндай ақпарат 2021 жылы шыққан. Оны жергілікті фактчекерлер жоққа шығарды.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Қазнетте тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
«Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде Татарстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі таратты деген корановирус инфекциясы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды және жалған деп танылады.
Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар мен барлық азаматтардан тек ресми ақпарат көздерінде жарияланған ақпаратқа ғана сенуді сұраймыз», – деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.