Фейк: «ДДҰ үкіметтерді фермерлерді заңсыз деп жариялауға шақырды»
Telegram арналарында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем үкіметтерін фермерлерді заңсыз деп жариялауға шақыратыны туралы жарияланым тарады. Бұл планетаны жаһандық жылынудан құтқарады екен. Шын мәнінде, бұл фейк.
Жарияланымда ДДҰ бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесустың климат жөніндегі конференцияда сөйлеген сөзінің скриншоты пайдаланылған. Іс-шара 2023 жылы 30 қараша – 12 желтоқсан аралығында Дубайда өтті. ДДҰ басшысы бұл туралы «COP28: Денсаулық сақтау, азық-түлік және климат саласындағы іс-шаралар» атты параллель іс-шарада сөйлеген сөзінде айтқан. Әртүрлі елдердің өкілдері мен сарапшылары климаттың өзгеруінің денсаулық пен азық-түлік қауіпсіздігіне қалай әсер ететінін талқылау үшін бас қосты.
ДДҰ дұрыс тамақтану және климаттың өзгеруімен күресу бойынша өз ұсыныстарын айтты. Ұйымның пікірінше, бүгінде адамзат алдында екі мәселе тұр. Бұл, біріншіден, климаттың өзгеруі, екіншіден, дұрыс тамақтанбау. Қолданыстағы азық-түлік жүйелеріне көзқарасты қайта қарау керек, өйткені олар табиғи ресурстарды сарқып жатыр. ДДҰ өкілдерінің пікірінше, қоршаған ортаға онша әсер етпейтін тағамға көшу адамдардың денсаулығын ғана емес, бүкіл планетаның жағдайын жақсартуға септігін тигізеді.
Гебрейесус «азық-түлік жүйесі адамзатқа зиян тигізеді және парниктік газдар көлемінің 30% және әлемдегі барлық аурулардың 1/3 себебі болып табылатынын» атап өтті. ДДҰ директоры өсімдік компоненттері басым әртүрлі тамақтану стиліне оралу керек деп мәлімдеді. Оның дәйексөзін келтірсек: «Егер азық-түлік жүйесі барлық адамдарға дұрыс тамақтануды қамтамасыз етсе, онда біз жыл сайын 8 миллион адамды құтқара аламыз». Көріп отырғанымыздай, жарияланымда ол бұрмаланған: «Фермерлер жыл сайын 8 миллион адамды өлтіреді» делінген.
Фейк жарияланымның авторы Тедрос Адхан Гебрейесустың сөзін әдейі бұрмалайды. ДДҰ басшысы фермерлерді адам өлтірді деп айыптап, ауыл шаруашылығына тыйым салуды талап еткен жоқ. Әлеуметтік желіде орналастырылған ақпарат бұрмаланған және шындыққа жанаспайды.