Жалған: «Ақыл тісін жұлып, адамдар өздерінің шынайы әлеуетінен айырылады»
Әлеуметтік желілердегі пайдаланушылар ақыл тістерін жұлмауға кеңес беруде. Олар адамның күші мен әлеуетін ашу үшін қажет екен, ал олар шыққан кездегі ауырсыну – бұл нағыз сый. Мұның бәрі жалған.
Ақыл тіс немесе сегізінші тістер – бұл әр қатардағы ең алыс тістердің жұптары. Әдетте олар 18-30 жас аралығында шығады, олардың сүт тістері болмайды. Бұл тістер арғы аталарымызға өте қажет болды, өйткені ауыз қуысы гигиенасы нашар және тамақтану сапасы төмен болғандықтан, олардың тістерінің жартысы 20-30 жасқа дейін түсіп қалып отырған. Осы жаста шығатын ақыл тістер проблеманы ішінара шешіп, адамдарға тамақты шайнап жеуге мүмкіндік берді. Таралған постта айтылғандай, ақыл тістер жүрекпен де, домалақ безбен де байланысты емес.
Кейде ақыл тістер шыққанда қатты ауыртып, ісіп кетеді. Бұған осы тістердің дұрыс шықпауы себеп болуы ықтимал. Олар адамның жақ сүйегі толығымен қалыптасқан кезде шығады, сондықтан ақыл тістерге орын болмай, олар қисық немесе көлденең шығады.
Өз кезегінде бұл қызыл иектің қабынуына және жанындағы тістердің зақымдалуына әкелуі мүмкін. Бұл ретте ақыл тістін жұлып тастау ұсынылады. Алайда, шыққан тіс ыңғайсыздық тудырмаса және тіс жегі болмаса, оларды жұлмауға да болады, онымен өмір бойы жүре аласыз.
Ақыл тісі бар адамдар оны жұлып тастағандарға қарағанда күшті, ақылды және табысты екенін дәлелдейтін статистика жоқ. Демек, ақыл тісті сақтай отырып, шынайы әлеуетіңіздің ашылатынын дәлелдеу мүмкін емес.
Олай болса, таралған ақпарат шындыққа жанаспайды. Ақыл тістер жүрекпен де, домалақ безбен де байланысты емес, кейбір адамда оларды жұлып тастауға себеп болмауы мүмкін, бірақ оларды сақтап қалып, күшті әрі табысты болатыныңызға дәлел жоқ.