Тамақты тұзды ерітіндімен шаю коронавирустан қорғамайды
Желі қолданушылары мұрынды тұзды ерітіндімен үнемі шайып, көп мөлшерде жылы су ішу арқылы COVID-19 алдын алуға болады деген қауесет таратуда. ДДСҰ мамандары бұл мифті жоққа шығарды.
Жалған хабарламада өкпеге түспес бұрын вирус төрт күн бойы тамақта болады делінген. Сондықтан оны үнемі шайып, кетіруге болады.
– Коронавирусты ағзадан шаю арқылы кетіру мүмкін емес. Алайда, бұл шаралар басқа ауруларда, мысалы, суық тиген кезде көмектеседі. Үнемі шаюдың да кері әсері барын ұмытпауымыз екенін керек – бұл шырышты қабықтарды құрғатып, әлсіретеді. Сондықтан шаюды шамадан тыс қолдануға болмайды. Қоғамдық орындарда бетперде таққан дұрыс, – дейді Қарағанды медицина университетінің жұқпалы аурулар және фтизиатрия кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Роза Бегайдарова.
Бұл ақпарат Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми сайтында да жоққа шығарылады.
– Мұрынды тұзды ерітіндімен үнемі шайып отыру жаңа коронавирустық инфекциядан қорғануға мүмкіндік беретіні туралы ғылыми дәлелдер жоқ. Кейбір мәліметтерге сәйкес, мұрынды тұзды ерітіндімен үнемі шаю жалпы суық тигенде көмектесуі мүмкін. Бірақ оны респираторлық инфекциялардың алдын алу құралы ретінде пайдаланудың тиімділігі туралы дәлелдер жоқ”, – делінген ДДСҰ сайтында.
Жалпы суық тигенде немесе тұмау болғанда тамақты шаюдың шамалы тиімділігін растайтын зерттеулер бар, бірақ COVID-19 кезінде мұндай шаралар пайдасыз.
Егер сізде қызуыңыз көтеріліп, жөтел басталса, тыныс алуыңыз қиындаса, дереу дәрігерге барып, оның нұсқауларын қатаң сақтауыңыз керек.