Жалған: «Эстония Пандемияның алдын алу жөніндегі халықаралық келісімге ашық түрде қарсылық білдірді»
Әлеуметтік желілерде Эстония пандемияның алдын алу жөніндегі халықаралық шартты қабылдамайды және халықаралық медициналық-санитарлық ережелерге (ХМСЕ) енгізілген түзетулермен келіспейді деген ақпарат талқылануда. Бұл олай емес.
Бұл жалған мәлімдеме қалай пайда болды? Айтып берейік. Бұл туралы жалған ақпарат пен қастандық теорияларын таратумен айналысатын The Exposé (бұрын The Daily Exposé деп аталған) басылымы жазған.
Мәтін «Эстония ДДҰ-ны Пандемия туралы келісімді және Халықаралық денсаулық сақтау ережелеріне енгізілген түзетулерді қабылдамайтыны туралы хабардар етеді» деген тақырыппен жарияланды.
Оған шынайы оқиға негіз болған. Эстониялық парламентшілерден тұратын бастамашыл топ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына хат жазған. Бұл үндеу 2023 жылдың 22 қарашасында жасалған. Авторлар «Эстония Республикасы пандемияның алдын алу, оған дайындық және ден қою туралы халықаралық келісімді қабылдамайды және келіспейді» деп мәлімдеді. Халықаралық медициналық-санитариялық ережелерге (ХМСЕ) қосымша түзетулер мен ДДҰ-ны қаржыландыруды арттыруға қатысты да дәл осылай айтылды.
Эстония Парламентінің депутаттарының бірі Калле Грюнталь (Kalle Grünthal) бұл ақпаратты және хаттың суретін өзінің Facebook парақшасында жариялады.
Ол хабарламада 101 парламентарийдің тек 11-і ғана осы хатқа қол қоюға келіскенін айтады.
Демек, депутаттардың 10%-дан астамы хатта жазылған мәлімдемелермен келіскен. Бұл бүкіл елдің атынан осындай мәлімдемелер жасау үшін жеткіліксіз.
Айта кетейік, 196 елде міндетті халықаралық медициналық-санитариялық ережелер бар. Олар 2002-2003 жылдары атиптік пневмония ошағынан кейін әзірленіп, 2005 жылы қабылданған. Мысалы, ереже бойынша елдер жергілікті індет ошақтары туралы ДДҰ-ны дереу хабардар етуге тиіс. Алайда, онда пандемия кезінде не істеу керектігі жазылмаған. Ережеге енгізілген түзетулер бұл кемшілікті жоюға арналған.
Ал халықаралық пандемия келісімі барлық мемлекеттерде пандемияның алдын алу және оларды болашақта тежеу жөніндегі жұмысын үйлестіруге арналған. Мысалы, вакциналар мен мамандардың қызметтеріне барлығына бірдей қол жетімділікті қамтамасыз ету. Бұрын мұндай халықаралық құжат болмаған. Сондықтан оны ДДҰ-ға қатысушы елдер бірлесіп әзірлеуде.
Пандемияның алдын алу шарты болашақта көп адам шығыны, адамдардың және бүкіл қоғамның өмір салтын бұзу, даму процесі мен экономикаға теріс әсері және т. б. сияқты қауіптердің алдын алу үшін жаңа патогендерден қорғауға бағытталған 200-ден астам ұсынысты қамтиды.