Фейк: «Глобалистер адамзаттың өмірін қамтамасыз ететін инфрақұрылымды жоюды жоспарлап отыр»
Әлеуметтік желілерде глобалистер адамдардың өмірі үшін маңызды инфрақұрылымды жоюға ниетті екендігі туралы ақпарат таратуда. Атап айтқанда, жанармайдың барлық түрі жойылмақ, соның салдарынан фермалар жабылады, адамдар аштықтан қырыла бастайды. Бұл рас па, анықтайық.
Бұл теорияның «дәлелі» ретінде пайдаланушылар The Los Angeles Times жаңалықтар порталының скриншотын ұсынады. Суреттегі мақаланың тақырыбы: «Электр қуатын кейде өшіру климаттың өзгеруін шешуге көмектесе ме?».
Пост авторының пікіріне қарамастан, онда инфрақұрылымды, фермаларды және адамзатты жою туралы айтылмаған. Керісінше, автор Сэмми Рот климаттың өзгеруімен күресу тақырыбында сөз қозғайды. Оның пайымдауынша, аз уақытқа электр қуатын өшіру жаһандық жылыну процестерін бәсеңдетуге септігін тигізеді. Алайда, ол мәтінде бұл жоспардағы елеулі кемшіліктерді де атап көрсетеді. Мысалы, өкпені желдету аппараттарына, диализге және т.б. мұқтаж науқастар электр қуатын өшіру кезінде қайтыс болуы мүмкін. Сондай-ақ, аптап ыстықта кондиционерді қолдана алмайтын қарттар мен науқастар ауыр жағдайға тап болуы ықтимал.
Сэмми Рот электр энергиясын тәулік бойы үзіліссіз және экологияға зиян келтірместен пайдалануға болады, бірақ бұл үшін жаңартылатын энергия көздеріне көшу және қазба отындарынан бас тарту қажет деп жазады. Алайда, жасыл энергетика саласының бүгінгі даму деңгейін ескерсек, болашақта мұндай өзгерісті жүзеге асыру мүмкін емес.
Жалпы, бұл материал инфрақұрылымды жоюға, халықты азайтуға немесе фермаларды жабуға меңгемейді. Мұның бәрі – әлеуметтік желідегі жарияланым авторының ойдан шығарғаны.
Демек, таралған пост – фейк.