Медициналық фейктер

Фейк: «Мұрынға арналған тамшыларда вакциналар бар»

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар мұрынға арналған кейбір спрейлер COVID-19 емдейді, тіпті олардың құрамында осы ауруға қарсы вакциналар да бар екендігі туралы видеоны талқылауда. Бұл олай емес.

 

Мұрынға арналған белгілі спрейлердің құрамы жария етілген видеода үш дәрі көрсетілген: «Отривин», Sterimar және Covixyl. Олардың әрқайсысын талдап шығайық.

«Отривин» – Швейцарияда шығарылатын мұрынға арналған спрей. Ол қазақстандық дәріханаларда бар. Оны ринит, синусит, ортаңғы отит және басқа да мұрын ауруларына қарсы қолданады. Спрейдің белсенді заты – ксилометазолин гидрохлориді. Препараттың құрамында әлсіреген вирустар, вирустық векторлар және мРНҚ жоқ, яғни бұл COVID-19 қарсы вакцина емес. Сонымен қатар, спрей бұл ауруға қарсы дәрі ретінде пайдаланылмайды.

Sterimar – мұрынға арналған спрейдің британдық бренді. Желіде мұрын қуысының гигиенасына арналған препараттар, аллергиялық ринит белгілерін жеңілдететін өнімдер, балаларға арналған спрей және ЖРВИ кезінде қолданылатын спрей бар. Желідегі барлық препараттардың негізінде теңіз суының ерітіндісі бар. Сондай-ақ кейбір спрейлерде мырыш, мыс, марганец, темір және селен сияқты заттар кездеседі. Sterimar желісіндегі спрейлердің ешқайсысы COVID-19 емдей алмайды және оның құрамында вакциналар жоқ.

Covixyl – бұл дәрілік зат болып саналмайтын салыстырмалы түрде жаңа өнім. Ол N-альфа-лауроил-L-аргинин (ELAH немесе LEAH) этил эфир гидрохлориді негізінде жасалған. Бұл косметика мен тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылатын беттік-белсенді микробқа қарсы құрал. ELAH қауіпсіз қоспа деп танылады. 

Мұрын спрейінің құрамында бұл зат адамның мұрын қуысына тыныс алғанда ауамен бірге енетін SARS-CoV-2, ротавирус, H1N1 (А тұмауы) және респираторлық-синцитиальды вирусы (РСВ) сияқты вирустарды бейтараптандыра алады.

Жасуша желілері мен кеміргіштерде жүргізілген зерттеулер препараттың белгілі бір тиімділігі барын көрсетті. 

Алайда, Covixyl дәрі болып саналмайтындықтан, оның тиімділігі мен қауіпсіздігін көптеген клиникалық зерттеулермен дәлелдеу қажет емес. Демек, ол вирустардан толық қорғамайды. Оның құрамында ешқандай дәрілік зат, әсіресе COVID-19 қарсы вакцина жоқ. 

Сондай-ақ Sterimar және Covixyl препараттары Қазақстанда қолжетімді емес екенін атап өткен жөн.

Олай болса, роликте көрсетілген үш спрейдің ешқайсысында вакциналар жоқ және олар COVID-19 қарсы дәрі болып саналмайды. Демек, таралған ақпарат жалған.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button