Фейк: «Хип-хоп – бұл Орталық барлау басқармасының психологиялық операциясы»
Telegram-да пайдаланушылар хип-хоп – бұл музыкалық жанр емес, Орталық барлау басқармасы 1980 жылдары жастарды аздыру үшін жасаған психологиялық операция деп жазуда. Хабарламада осы жанрда өнер көрсететін ең танымал музыканттарға тікелей ОББ демеушілік көрсеткені айтылған. Бұл рас па? Тексерейік.
Хип-хоп – бұл ОББ операциясы деген ақпаратты бірінші болып америкалық The People’s voice порталы жариялаған. Хабарлама 2023 жылғы 29 маусымда шыққан және онда «Ұлттық ресейлік теледидарға (NTV)» сілтеме жасалған.
The People’s voice материалында ОББ-ның отставкадағы агенті Джон Хоумстон осы телеарнаға сұхбат беріп, хип-хоп туралы бар шындықты жайыпс алғаны айтылған. Шындығында, The People’s voice порталы белгілі жалған ақпарат көзі болып табылады. Бұл сайтта фейк жаңалықтар, қастандық теориялары және ультра оңшыл үгіт-насихат жиі жарияланады.
Қазір талқыланып жатқан хабарлама да солардың бірі. Онда жазылғанның бәрі жалған.
Біріншіден, Ұлттық ресейлік теледидар деген телеарна жоқ. НТВ телеарнасы бар, бірақ әр түрлі болжамдар бойынша бұл аббревиатура «тәуелсіз теледидар», «нағыз теледидар» дегенді білдіреді немесе мүлдем мағынасы жоқ. НТВ телеарнасының ресми сайтында хип-хоптың ОББ-мен байланысы туралы мақалалар да, сюжеттер де жоқ. «Хип-хоп», «ОББ» және «Джон Хомстон» деп сайттан іздегенде ешқандай нәтиже шықпады.
Демек, The People’s voice порталы сілтеме жасаған дереккөз жоқ.
Екіншіден, John Homeston CIA және «Джон Хомстон ОББ» деп іздегенде де Желіде ештеңеге табылмады. Мұндай атауы бар агент туралы ешқандай мақалалар, сұхбаттар немесе басқа сілтемелер шыққан жоқ. Хомстоннің жақында сенсациялық мәлімдеме жасағанын ескерсек, ол туралы ақпараттың болмауы мүмкін емес. Бірақ бұл агент те, оның сұхбаттары да The People’s voice мақаласы авторының қиялының жемісі деуге болады.
Үшіншіден, ОББ-ға 1980 жылдары хип-хопты ойлап табудың қажеті жоқ еді, өйткені 1970 жылдардың басында оны Нью-Йорктің тұрмысы нашар аудандарының бірі Оңтүстік Бронкс тұрғындары шығарған. Ол кезде онда негізінен табысы кедейлік шегінен төмен немесе оған жақындаған афроамерикалықтар тұрған. Әлеуметтік шиеленіс, қылмыстың өршуі және қоғамдық мәдени демалыстың болмауы хип-хоп мәдениетінің пайда болуына және өркендеуіне әкелді. Ол жарқын граффити, брейк-данс және ди- джеинг те музыка сияқты хип-хоптың көрінісі болып табылады.
Төртіншіден, мақалада 1980 жылдары ОББ Dr.Dre, Jay-Z және Канье Уэст сияқты танымал хип-хоп әртістеріне тікелей демеушілік жасады делінген. Бұған дәлел жоқ. Оның үстіне, Dr.Dre 1990 жылдардың басында, ал Jay-Z мен оның продюсері Канье Уэст 90-шы жылдардың ортасында танымал болды.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындыласақ, таралған хабарламадағы ақпарат жалған. Хип-хоп – бұл ОББ-ның құпия жобасы емес, әлеуметтік мәселелерге жауап ретінде пайда болған мәдени ағым.