Фейк: «АҚШ президенті күн сәулесін жауып тастау жоспары барын айтты»
Instagram-да пайдаланушылар АҚШ президенті Джо Байден жаһандық жылынудың алдын алу үшін күн сәулесін жауып тастау жоспары бар екені туралы мәлімдеді деген ақпаратпен бөлісуде. Күн сәулесі Жердегі барлық елдердің тұрғындары үшін бірдей маңызды болғандықтан, АҚШ билігінің бұл мәселені осындай түбегейлі әдіспен жалғыз өзі шешу жөніндегі ниетін тексерген жөн.
Джо Байденнің жер климатын сақтау үшін күн сәулесін жауып тастағысы келетіні туралы хабарламалар Желіде 2023 жылдың 1 шілдесінде тарала бастады. Оның алдында, 30 маусым күні кешке Ақ үйдің ресми сайтында күн радиациясын модификациялау саласындағы зерттеулер туралы есеп жарияланған болатын. Бұл құжат қазір де онлайн режимде қол жетімді және оны кез келген адам оқи алады.
44 бетте күн сәулесінің ғарышқа жартылай шағылысуымен байланысты жер бетін салқындатудың әртүрлі әдістері сипатталған. Алайда, олардың ешқайсысы күн сәулесін толық бұғаттамайды.
Сонымен қатар жарияланған есеппен бірге берілген мәлімдемеде осы күнге дейін «күн радиациясын өзгертуге бағытталған кешенді зерттеу бағдарламасын жасау жоспарда жоқ» делінген. Яғни, есепте сипатталған теориялар қажет болған жағдайда АҚШ Конгресі мақұлдайтын зерттеулердің ықтимал нұсқалары ғана.
Президент Джо Байденнің өзі күн сәулесінің түсуі немесе осыған ұқсас жобалар туралы көпшілік алдында мәлімдеме жасаған жоқ.
Айта кетейік, атмосфераға күн сәулесінің шағылысуы туралы идеялар бұрыннан бар және ғалымдар бұл идеяны қалай жүзеге асыруға болатындығына қатысты теориялар айтуда. Бүгінгі күні әдістердің қайсысы ең тиімді және қауіпсіз бола алатындығы жайлы ортақ пікір жоқ, өйткені мұндай араласудың салдары ауыр болуы мүмкін.
Демек, Джо Байден күнді жауып тастау жоспары туралы айтпаған. Конгресс Жер бетін салқындату үшін күн сәулесінің ішінара шағылысуының әлеуетті технологиялары сипатталған құжатты жариялаған. Алайда, сипатталған технологиялардың ешқайсысы қазір қолданылмайды және оларды жақын арада іске асыру жоспарда жоқ.