Fake News

Фейк: «Оқу жылының аяқталуына орай өткізілетін салтанатты жиындарға тыйым салынды»

WhatsApp-та мектептерде оқу жылының аяқталуына орай өткізілетін салтанатты жиындарға тыйым салынғаны туралы ақпарат тарады. Бұл шындыққа жанаспайды.


Бұл ақпаратты оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова жоққа шығарды. Ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім еткендей, 31 мамыр – ағымдағы оқу жылының соңғы күні болады. Бұл күні мектептер кестеге сәйкес сабақтар өткізеді, содан кейін оқу жылының аяқталуына және жазғы демалысты талқылауға арналған сынып сағаттары өтеді.

«Мерекелік іс-шараларды өткізу туралы шешімді білім беру ұйымдары дербес қабылдайды. Бұл ретте Оқу-ағарту министрлігі соңғы қоңырауларды өткізу бойынша мектепте қалыптасқан дәстүрді қолдайды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің аталған іс-шараны өткізу туралы нормативтік-құқықтық актілері бұрын да болмаған, қазір де жоқ. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі 1 маусымда Балаларды қорғау күні аясында және форматында соңғы қоңыраулар мен салтанатты жиындар өткізуді ұсынады, – деді Шолпан Каринова.

Ол сондай-ақ аниматорларды, ивент агенттіктерді тарту және мектеп әкімшілігі мен педагогтерге сыйлықтар алуға мектеп оқушыларының ата-аналарынан ақша жинауға тыйым салынатынын еске салды.
Қорыта айтқанда, Қазнетте таралған ақпарат – фейк. Оқу жылының аяқталуына орай салтанатты жиындар өткізуге тыйым салынбайды.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button