Fake News

Етке газдалған сусын құйып, жануарға мРНҚ вакциналары салынғанын анықтауға болатыны рас па?

Желіде шикі етке кола құйған әйелдің видеосы тарады. Бірер уақыттан кейін еттен құрттарға ұқсайтын ақ бірдеңелер шыға бастайды. Біз бәрін тексердік, видеода не көрсетілгенін айтайық.

Видео Желінің ағылшын тіліндегі сегментінде 2021 жылдың мамырында кеңінен тарады. Оның авторы м-РНҚ вакциналары немесе басқа дәрі-дәрмек туралы мәлімдеме жасамайды. Ол шошқа етіне газды сусын құю арқылы ондағы паразиттерді сыртқа шығаруға болатындығын айтады.
Фактчекерлер бұл мәлімдемені тексерді.
Олардың атап өтуінше, біріншіден, қазіргі заманда санитарлық нормалар мен ветеринарлық бақылау талаптарын ескерсек, етте паразиттердің болуы өте сирек кездесетін құбылыс.
Екіншіден, дөңгелек паразит құрттар трихинеллалар ауру жұқтырған жануарлардың етінде болуы ықтимал, бірақ микроскопиялық құрттар көзге көрінбейді. Видеода көрсетілген бірнеше сантиметрлік «құрттардың» етте болуы екіталай.
Оның үстіне газдалған сусын трихинеллаларға әсер етпейді. Олардан сақтану үшін етті мұқият термиялық өңдеуден өткізу немесе оны жұқалап турап, 20 күн бойы Цельсий бойынша -15 градус температурасында қатырып қою қажет. 

Роликтің жалған екендігіне көз жеткізу үшін Snopes порталының фактчекерлері тәжірибе жүргізген. Олар жаңа сойылған шошқаның етін сатып алып, оған «Кока-Кола» құйған. Нәтижесінде ет жұмсақ болды, бірақ одан ақ паразиттік құрттар шықпаған.

Таратылған видеоның вакцинацияға еш қатысы жоқ. Ал етке газдалған сусын құйып ондағы паразиттерді шығаруға болатыны туралы мәлімдеме бірнеше рет жоққа шығарылған миф болып табылады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button