Алаяқтар Halyk Bank атынан Рамазан айына орай сыйлықтар ұсынады
WhatsApp-та Halyk Bank атынан Рамазан айына орай сыйлықтар ұтысына қатысуға шақырған хабарлама тарады. Бұл – алаяқтардың ісі.
Halyk Bank-тің ресми сайтында Рамазан айына орай сыйлықтар табысталатыны немесе ұтыс ойыны өткізілетіні жайлы хабарландырулар жоқ.
Банктің Instagram-дағы және Facebook-тегі ресми парақшаларында да мұндай ақпарат жарияланбаған.
Хабарламада фишингтік схеманың белгілері бар. Онда пайдаланушыларға материалдық пайда табу ұсынылады және ол белгісіз әрі қауіпсіз емес сайтқа сілтеме апарады. Бұрын біз осындай схемалар туралы жазған болатынбыз.
Интернеттегі алаяқтықтың бұл түрі фишинг деп аталады. Алаяқтар өз сайттары арқылы пайдаланушылардың мобильді банкингінің, жеке аккаунттарының логиндері мен парольдерін және т.б. жеке ақпаратына қол жеткізе алады.