Дәлелсіз: «132 дәрігер COVID-19 қарсы ревакцинациядан кейін қайтыс болды»
Желіде тараған ақпаратта Канадада 132 сау және белсенді дәрігер COVID-19 қарсы вакцинаның бустерлік дозасын алғаннан кейін кенеттен қайтыс болды делінген. Бұл рас па? Бұл жағдайдың иммундаумен байланысы бар ма? Анықтайық.
Канадада COVID-19 қарсы вакциналардан қайтыс болған дәрігерлер туралы хабарламалар Желіде 2022 жылдың шілдесінде тараған болатын. Ол кезде үш маман жайлы ғана хабарланған еді. Фактчекерлер аталған дәрігерлердің ешқайсысы вакцинация нәтижесінде қайтыс болмағанын анықтап, дәлелдей алды. Олардың екеуінде қатерлі ісік болған, ал үшіншісі ұзақ уақыт бойы ауыр аурумен ауырған, бірақ қандай ауру екені айтылмаған. Олардың ешқайсысы қайтыс болғанда «сау және белсенді» болмаған.
2022 жылдың қыркүйегінде хабарлама жаңа мәліметтермен толықтырылып, таратыла бастады. Пост авторлары үш емес, 32 дәрігер қайтыс болды деп айтты. Олар өз теорияларына жаңа дәлелдер келтірген жоқ.
Қазіргі кезде тараған нұсқада 132 дәрігер туралы айтылған.
Канадада дәрігерлер арасындағы өлім-жітім 53%-ға өсті деген болжам дәлелсіз. Ашық дереккөздерде мұндай мәліметтерді табу мүмкін емес. Сонымен қатар, COVID-19 пандемиясы кезінде денсаулық сақтау саласы қызметкерлері арасында өлім-жітім көрсеткішінің артуы бұл ауруға қарсы вакциналардың қауіптілігін дәлелдемейді. Статистиканың бұлай өзгеруі әдеттегі жағдай, өйткені медицина мамандары ауру жұқтыруға бейім болады.
2022 жылы пандемия кезінде Италияда дәрігерлердің артық өлімі туралы зерттеуді жариялаған ғалымдар нақ осындай қорытынды жасаған.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, таратылған ақпарат бұрынғы фейктің вариациясы деуге болады. Канадада 132 дәрігердің COVID-19 қарсы вакцина салдарынан қайтыс болғанына ешқандай дәлел жоқ.