Фейк: «COVID-19 қарсы егілгендердің бәрінде жанама әсерлер болатынын дәлелдейтін зерттеу бар»
Қазнетте ерте ме, кеш пе егілген адамдардың барлығында жанама әсерлер болатынын дәлелдейтін зерттеу туралы хабарлама тарады. Бұл қандай жұмыс? Түсіндіріп өтейік.
Қазақстандықтар айтып отырған зерттеу 2021 жылдың маусым айында жарияланды. Оның авторлары COVID-19 қарсы вакциналардың жанама әсерлерін мүлдем зерттемеген. Олардың еңбегі COVID-19 қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алған соң төрт аптадан кейін қайтыс болған науқастың денесін тексерудің есебі мен талдауы болып табылады.
Мәтінде қарттар үйінде тұратын және жүйелі артериялық гипертензия, созылмалы веноздық жетіспеушілік, деменция және қуықасты безі карциномасы сияқты бірқатар аурулары бар 86 жастағы ер адам туралы айтылады.
COVID-19 қарсы вакцина алғаннан кейін 18-ші күні ер адам ауруханаға жатқызылған. Мұның себебі вакцинациямен байланысты емес қатты диарея болды. Дәрігерлер оған тоқ ішектің сол жақ иілуінің ойық жаралы зақымдануы диагнозын қойған. Олардың тағайындаған емі нәтиже бермей, бірнеше күннен кейін пациентте бүйрек жетіспеушілігі дамыған. Тағы бірнеше күн өткен соң ер адам палатадағы көршісінен COVID-19 жұқтырған. Ем-дом шаралары уақытылы басталғанына қарамастан, науқас диагноз қойылғаннан кейін келесі күні жедел бүйрек және тыныс алу жетіспеушілігінен қайтыс болды.
Онда COVID-19 қарсы вакцинана жағымсыз реакциялар болмаған. Керісінше, зерттеу авторлары ер адамда препараттың бірінші дозасынан кейін иммуногендік жоғары болғанын атап өтті. Иммуногендік – бұл антигеннің қалыпты және қорғаныш иммундық реакциясын тудыру қабілеті.
Алайда, ол инфекциядан толық қорғай алмайтынын айта кеткен жөн. Біріншіден, ер адам вакцинаның бір ғана дозасын алған. Екіншіден, егде жастағы адамдардың COVID-19 жұқтыру қаупі жоғары. Сонымен қатар науқастың ауыр созылмалы аурулары болса, ауру жұқтыру ықтималдығы артады.
Яғни, мәтінде COVID-19-ға қарсы вакцина тиімді деп анық жазылған. Онда вакциналардың жанама әсерлері, сондай-ақ олар барлық егілген адамдарда дамитыны туралы айтылмайды.
Демек, таралған ақпарат – жалған манипуляция. Оның авторлары ғылыми мақаланы бұрмалап, оған жұмыс авторлары жазбаған нәрсені «қосқан».