Манипуляция: «Соңғы 8 жылда жаһандық салқындау орын алды»
Әлеуметтік желі қолданушылары әлемде жаһандық салқындау болып жатқандығы туралы хабарлама таратуда. Мұны ресми сайтта жарияланған Ұлттық мұхиттық және атмосфералық басқарманың мәліметтерінен байқауға болады екен.
Ұлттық басқарманың кестесінде 2015 жылдан 2022 жылға дейінгі орташа жаһандық температура көрсетілген сегіз баған бар. Графиктің осы бөлігінде 8 жыл ішінде орташа жаһандық температураның төмендегені көрсетілген. Интернет пайдаланушыларының пікірінше, Ұлттық басқарманың деректері жаһандық жылынудың жалған екенін дәлелдейді. Шын мәнінде, әлемде салқындау басталған, өйткені көрсеткіштер бойынша температура төмендеген.
Алайда, әлеуметтік желілерде зерттеу деректері қате ұсынылған. Кестеде қандай қате бар? Жаһандық жылыну рас болып жатыр ма? Талдап шығайық.
Егер әлеуметтік желілерде тараған графиктің бір бөлігін ғана қарастыратын болсақ, онда көрсеткіштер соңғы 8 жылда температураның төмендегенін көрсетеді. Біріншіден, бұл толық деректер емес. Ұлттық мұхиттық және атмосфералық басқарма сайтында 1880 жылдан 2022 жылға дейінгі 140 жылдағы орташа жаһандық температура көрсеткіштері жарияланған.
Екіншіден, мұндай көрсеткіштердің мәнін анықтау үшін кем дегенде он жылдағы ұзақ уақыт аралықтарын салыстырады.
Сонымен қатар температураның өзгеруіне табиғи құбылыстар әсер етуі мүмкін. Мысалы, Эль-Ниньо мен Ла-Нинья климаттық ауытқулары. Бұл тропикалық Тынық мұхитындағы су беті температурасының қысқа мерзімді өзгеруі. Эль-Ниньо температураның жоғарылауы, ал Ла Нинья – төмендеуі. Бұл құбылыстар тұрақты емес, біріншісі орта есеппен 3-8 жыл сайын, ал екіншісі одан да сирек болады. Сондықтан тербелістер температураға ұдайыс әсер етпейді.
2015-2016 жылдары Эль-Ниньо қатты ауытқыды, су беті рекордтық деңгейге дейін қызды. Алайда, 2016 жылдан 2022 жылға дейін Ла-Нинья үш құбылысы болды, нәтижесінде температура сәл төмендеді. Ұлттық басқарма кестесінде нақ осы ауытқулар көрсетілген.
Яғни, осы 8 жылды ғана қарастырған дұрыс емес, өйткені бұл толық салыстыру үшін аз уақыт. Оның үстіне, температура табиғи құбылыстардың әсерінен өзгерген.
Бірақ егер температураның табиғи ауытқуын ескере отырып, барлық 140 жылдағы деректерді салыстыратын болсақ, онда климаттың айтарлықтай жылынғанын байқаймыз. Әсіресе, 1880 және 2022 жылдардағы температураны салыстырсақ.
Associated Press халықаралық ақпарат және жаңалықтар агенттігі де жаһандық салқындату туралы мәлімдемені жоққа шығарды. Фактчекерлер температура кестесі әлеуметтік желі қолданушыларымен бұрмалағанын хабарлады. Олар жаһандық салқындау климаттың өзгеруін жоққа шығару үшін ойдан шығарылған жалған ақпарат деп мәлімдеді.
Демек, жаһандық салқындау туралы мәлімдеме – фейк. Ұлттық мұхиттық және атмосфералық басқарма деректері әлеуметтік желі қолданушыларының есептерінде қате көрсетілген. Сонымен қатар бұл кестелер климаттың жылынуын жоққа шығармайды, керісінше, оның өзгеру проблемасының маңыздылығын дәлелдейді.