Фейк: «Жеке көліктер бақыланады және қала маңына бару үшін рұқсат қажет болады»
Танымал қазақстандық Telegram-чаттарда кейбір глобалистер адамдардың жеке көліктерін толық қадағалауды және оларды қала маңына және аудандарға бару үшін рұқсат алуға мәжбүрлеуді жоспарлап отырғаны туралы жазды. Бұл шындыққа жанаспайды. Неге екенін түсіндіріп өтейік.
Таратылған ақпарат Англияда Оксфордта қала орталығында жеке көліктердің қозғалысын шектеу туралы шешім қабылдағаны туралы жаңалықтарға негізделген.
Алайда, бұл машиналарды бақылайды дегеннің белгісі емес. Шектеу қала орталығына апаратын алты көшеде жеке көліктер жүре алмайтын фильтрлер орнату арқылы жүзеге асырылады. Бұл алты фильтр қаланы алты «15 минуттық қалаға» бөледі. Бұл жаяу немесе велосипедпен жетуге болатын ыңғайлы өмір сүру үшін барлық мекемелер, дүкендер мен қызметтер 15 минуттық жерде орналасқан тұрғын аудандар.
Бұл ретте алты фильтрдің төртеуі күн сайын таңғы 7-ден кешкі 7-ге дейін, ал екеуі жексенбі күнінен басқа, аптасына алты күн жұмыс істейді.
Дегенмен, тұрғындар қала орталығына немесе қаланың басқа аудандарына еш қиындықсыз бара алады. Велосипедтерге, мотоциклдерге, қоғамдық көліктерге және таксилерге шектеу қойылмайды. Сондай-ақ орталықта орналасқан бизнес иелері, мүгедектігі бар адамдар, медициналық және әлеуметтік қызметкерлер де өте алады.
Бірде-бір санатқа жатпайтындар, бірақ қала орталығына жеке көлікпен барғысы келетіндер рұқсат алу үшін қалалық әкімдікке хабарласа алады. Егер бұл жағдай да жарамаса, онда Оксфордты қоршап тұрған айналма жолға шығып, сол арқылы басқа аудандарға жетуге болады.
Оксфордта қала орталығындағы өмірді жайлы әрі қауіпсіз ету үшін осындай шаралар қабылдануда. Сонымен қатар жеке көлікпен орталыққа кіре алмай, адамдар қоғамдық көліктерді немесе велосипедтерді жиі пайдаланады, бұл атмосфераға СО2 шығарындыларын азайтады және экологияға оң әсерін тигізеді.
Демек, жеке көліктерді бақылау туралы хабарламалар фейк болып табылады. Адамдар өз қаласының басқа ауданына бару үшін рұқсат алуы керек деген сөздер – манипуляция. Оксфорд тұрғындарына мұндай рұқсат тек күндізгі уақытта жеке көлікпен бару үшін ғана қажет болады. Қоғамдық көлікпен, таксимен немесе велосипедпен қалада ешқандай шектеусіз жүруге болады. Сондай-ақ талқыланып жатқан шектеулер тек Оксфордқа ғана қатысты екенін айта кеткен жөн. Басқа қалаларда мұндай шектеулер енгізілген жоқ.