Фейк: «Жыл сайын мыңдаған эмбрионды жасанды түрде өсіретін қондырғы жасалды»
Қазнетте ғалымдар жылына 30 мың адам эмбрионын жасанды түрде ұрықтап, өсіре алатын қондырғы жасап шығарғаны туралы ақпарат тарады. Мұндай кәсіпорын коммерциялық негізде өз жұмысын бастап, тек «құрсақ көтеруді» ғана емес, сонымен қатар сәбилердің әдемі, ақылды және сау болып тууын қамтамасыз ету үшін эмбриондарды геномдық редакциялау қызметтерін ұсынады. Бұл шындыққа жанаспайды.
Атышулы кәсіпорын туралы хабарламаға жасанды сәбилерді өсіретін компанияның қалай жұмыс істейтіні туралы видео тіркелген. Ол EctoLife деп аталады. Роликте EctoLife компаниясы болашақ ана мен әкенің генетикалық материалын қолдана отырып, «түтікшеде» ұрықтандыруды ұсынады; эмбрион арнайы капсулада «өсіріледі», сондай-ақ бала бір түймені ғана басу арқылы туылады. Сонымен қатар компания эмбриондар ДНҚ-сын «өңдеуді» ұсынады: ата-аналар тумаған баланың сырт келбетін, интеллектуалды қабілетін, тіпті денсаулығын таңдай алады екен.
Бұл шындыққа жанаспайды, себебі EctoLife деген компания жоқ. Видео мен оның сипаттамасы – бұл видеопродюсер Хашем Әл-Галли компьютерлік графиканың көмегімен жасаған тұжырымдама.
Бүгінгі таңда жүкті етіп, дені сау баланы «көтеруге» мүмкіндік беретін технология жоқ. Сонымен қатар егер мұндай технология болса да, оның қауіпсіздігі мүлдем тексерілмеген. Мұндай тәжірибелер заңсыз болатын еді. Ғалымдарға зертханаларда адам эмбриондарын тек 14 күнге дейін өсіруге рұқсат етіледі.
Ұрықтық жасушаны ақылды және әдемі ету үшін геномдық редакциялау бүгінде шешілмеген этикалық мәселелердің бірі болып табылады және әлемде еш жерде орындалмайды.
Бұл Хашем Әл-Галлидің Желіде қызу пікірталас тудырған алғашқы жобасы емес. Бұған дейін пайдаланушылар ол жасаған қонақүй-ұшақтың тұжырымдамасын талқылаған болатын.
Демек, мыңдаған жасанды сәби өсіретін кәсіпорнының ашылуы туралы ақпарат – фейк. Таралған видео – бұл компьютерлік графика, ал онда ұсынылған идеяларды бүгінде іске асыру мүмкін емес немесе заңсыз болып табылады.