Манипуляция: «Аргентинада егу науқанының бейнесі болған бала кенеттен қайтыс болды»
Қазнет қолданушыларының хабарлауынша, Аргентинада баннерлерде және вакцина алуға үндейтін буклеттерде суреті басылған бала қайтыс болды. Хабарлама мәтіні баланың өліміне вакциналар себеп болды дегенді меңзейді. Бұл олай емес.
4 жасар Сантино Годой Бланконың қызылша, қызамық, паротит және полиомиелитке қарсы егу науқанының бет-бейнесі болғаны рас. Оның қайтыс болғаны туралы 2022 жылғы 11 қарашада белгілі болды. Алайда, вакциналардың бұған еш қатысы жоқ.
Бала пневмониядан көз жұмған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы диагноз қоя алмай, емдемеген.
Анасының айтуынша, дәрігерлер балаға екі рет қате диагноз қойып, симптомдарды елемей ауруханаға жатқызбаған.
Кейбір басылымдарда балаға оттегі беруі тиіс болған дәрігер ұйықтап қалып, өз міндеттерін орындамаған деп жазылған. Енді анасы дәрігерлермен соттаспақ. Оның айтуынша, олардың әрекетсіздігі және ауруды анықтай алмауы баланың өліміне әкелді.
Осылайша, таратылған хабарлама манипуляция болып табылады. Автор бала нақты вакциналардан қайтыс болды деп айтады, бірақ бұл олай емес. Ол дұрыс диагноз қоймау салдарынан көз жұмған.