Желіде номиналдық құны 60 мың теңгелік жалған ақшаның суреті тарады
Қазнет пайдаланушылары таратқан видеороликте ер адам номиналдық құны 60 мың теңгелік купюраны көрсетіп, оны оған қалған ақшаны қайтарған кезде бергенін айтады. Бұл фейк.
Шын мәнінде, мұндай купюра жоқ. ҚР Ұлттық банкі бұл видеоны жоққа шығарды.
– Жаңа номиналдағы ақша ел экономикасының объективті қажеттіліктеріне қарай шығарылады. Қазіргі уақытта ондай қажеттілік жоқ. Номиналдық құны жоғары жаңа ақша шығару жоспарда жоқ, – деп түсіндірді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ ведомство өкілдері видеода көрсетілген купюра іс жүзінде жоқ және жалған екенін атап өтті. Қазіргі кезде Қазақстандағы номиналдық құны жоғары ақша 20 000 теңгелік купюра болып саналады. 2022 жылғы 1 қазанда дизайны жаңартылған купюралар айналымға шығарылды. Олардағы суреттер негізінен сұр реңкте жасалған. Банкноталарда 25 қорғаныс элементі бар.