«Қауесеттер адам өліміне әкеледі» – халықаралық ұйымдар бірлескен мәлімдеме жасады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) БҰҰ-мен және басқа серіктестерімен бірге елдерді адамдардың физикалық және психикалық денсаулығына зиян келтіретін инфодемияға қарсы әрекет етуге үндеді.
Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясы шеңберінде өткен вебинар барысында осындай мәлімдеме жасалды, деп хабарлайды ДДСҰ порталы.
– Коронавирус инфекциясының таралуы (COVID-19) – бұл адамдардың қауіпсіздігін, хабардарлығын және өнімділігін қамтамасыз ету және олардың арасындағы байланысты сақтау үшін технологиялар мен әлеуметтік желілерді жаппай қолданумен сипатталып отырған алғашқы пандемия. Сонымен қатар, біздің байланыс пен ақпарат алу қабілетіміз тәуелді болып табылатын технологиялар жаһандық жауап іс-қимылдардың тиімділігін төмендетіп, пандемиямен күресте күш-жігерімізге қауіп төндіретін инфодемияны тудырады және күшейтеді», – делінген хабарламада.
Халықаралық ұйым өкілдерінің пікірінше, қазіргі кезде онлайн және офлайн ақпараттың көптігін құрайтын инфодемия қоғамдық денсаулық сақтаумен қабылданған шараларға кедергі болуы мүмкін. Шындыққа жанаспайтын және көрінеу жалған ақпарат адамдарға үлкен зиян келтіруі және денсаулық қорғау шараларына немқұрайлы қарауға әкелуі мүмкін.
– Қауесеттер адам өміріне әкеледі. Қажетті сенім деңгейі мен нақты ақпарат болмаған жағдайда диагностикалық тест-жүйелерге сұраныс болмайды, иммундау науқандары (немесе тиімді вакциналарды насихаттау жөніндегі іс-шаралар) көздеген мақсаттарына жетпейді, ал вирус бақылаусыз тарала береді, – деп хабарлайды ДДСҰ.
ДДСҰ, БҰҰ, ЮНИСЕФ, БҰҰДБ, ЮНЕСКО, ЮНЭЙДС, МӘС, БҰҰ-ның «Жаһандық пульс» бастамалары және Халықаралық Қызыл крест және Қызыл ай қоғамдарының федерациясы елдерді жалған ақпарат таратуға қарсы күресуге үндейді.
– Мүше мемлекеттерді, қоғамның барлық мүшелері, әсіресе қауіпті топқа жататын топтар арасында дұрыс, ғылыми және нақты негізделген ақпараттың уақтылы таралуына жәрдемдесу есебінен инфодемияға қарсы күрес жөніндегі іс-қимыл жоспарларын әзірлеуге және жүзеге асыруға; пікір білдіру бостандығын құрметтей отырып, қауесеттер мен жалған ақпарат айналымының алдын алуға және жолын кесуге шақырамыз.
Біз мүше мемлекеттерді іс-қимыл жоспарларын әзірлеу процесінде жергілікті қоғамдастықтармен ынтымақтастықты жүзеге асыруға және олардың мүдделерін ескеруге, сондай-ақ жергілікті қоғамдастықтарға тиісті шешімдер әзірлеуге және қауесеттер мен жалған ақпаратқа тұрақтылықты қалыптастыруға көмектесуге үндейміз.
Сондай-ақ, барлық басқа да мүдделі тараптарды, соның ішінде қауесеттер мен жалған ақпарат таратылатын бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік медиа платформаларын, инфодемияға қарсы күрестің тиімді стратегиялары мен құралдарын әзірлеп, енгізе алатын зерттеушілер мен техникалық мамандарды, азаматтық қоғам көшбасшылары мен беделді қайраткерлерін БҰҰ жүйесімен, мүше мемлекеттермен және өзара ынтымақтастық орнатып, шынайы ақпарат таратуға және жалған ақпарат айналымының алдын алуға шақырамыз, – делінген мәлімдеме соңында.