Медициналық фейктер

Фейк: «АКДС вакцинасы балалар өлімі қаупін 10 есеге арттырады»

Қазнетте белгілі бір зерттеу балалар өлімі мен АКДС вакцинасы арасындағы байланысты растады деген ақпарат тарады. Вакцинацияланған балалар үшін өлім қаупі 10 есеге артады екен. Бұл өтірік.

АКДС – адсорбцияланған көкжөтел-дифтерия-сіреспе вакцинасы. Ол Қазақстандағы міндетті егу күнтізбесіне кіреді. Балаларға бірінші дозасы 2 айында, екіншісі – үш айында егіледі. Содан кейін оны 1,5 жаста және 6 жаста салады.
Қазақстанда қолданылатын АКДС вакциналарының толық тізімі мен құрамы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының ресми сайтында жарияланған. Біздің елде тіркелген барлық препараттар клиникалық және зертханалық сынақтардан өтті және тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген.
Балалар өлімі мен АКДС вакцинасының байланысы – бұл 1980 жылдары пайда болған және әшкереленген миф. Мұқият бақыланатын және ауқымды зерттеулер жүргізілгеннен кейін ғалымдар вакциналар балалардың өлім қаупін арттырмайтынын дәлелдеді.
Осы вакцинаны алған балалардың өлімінің барлық жағдайлары кенеттен нәресте өлімі синдромына байланысты болған. Бұл – бір аптадан бір жасқа дейінгі нәрестелерде тыныс алудың және жүректің кенеттен тоқтауы. Балалар АКДС вакциналарын екі және үш айында алады, яғни баланың кенеттен қайтыс болу қаупі жоғары болған кезде. Демек, өлімнің себебі вакцинация емес, кенеттен нәресте өлімі синдромы.
Осы ақпаратта вакциналар туралы басқа да мифтер келтірілген. Мысалы, онда Үндістанда вакциналар салдарынан болған паралич індеті, сондай-ақ Кенияда егілгендер арасындағы жаппай бедеулік және безгекке қарсы вакциналар тудырған балалар өлімі туралы айтылады. Мұның бәрі – бұрын бұқаралық ақпарат құралдары мен фактчекерлер жоққа шығарған фейктер. Үндістанда сал ауруына шалдыққан балалар туралы қауесет – дәлелсіз фейк. 
Африкада балалар екпеден емес, безгектен қайтыс болған. 
Африкада ондаған баланың сал ауруына ұшырауы менингитке қарсы вакцинаның салдары емес. Бұл туралы AfricaCheck порталы хабарлады.
Осы ресурс тағы бір мифті жоққа шығарды – Кенияда егілген әйелдер бедеулікке ұшырады.
Демек, ақпаратта бірде-бір шындық жоқ. Бұл адамдарды вакцинацияға қарсы қоюға бағытталған бұрын теріске шығарылған фейктер топтамасы.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button