Фейк: «Сағызда бұрын лоботомия жасау үшін қолданылған у бар»
Telegram мессенджерінде «қантсыз» деген жазуы бар сағыздарда әскери улағыш зат бар екендігі туралы ақпарат тарады, оның көмегімен бұрын лоботомия – «ми жарты шарларын бөлу операциясы» жүргізілген. Мұның бәрі өтірік. Неге екенін түсіндіріп өтейік.
Ролик кейіпкері әскери улағыш зат болып табылатын және «қантсыз» деген жазуы бар барлық сағыздарда болатын қоспаның атауын айтады. Оның айтуынша, бұл аспарагин қышқылы немесе E-934 қоспасы.
Шын мәнінде, бұл не. E-900-ден E-999-ға дейінгі барлық тағамдық қоспалар тәттілендіргіштер, жылтырататын заттар немесе қаптаманы толтыратын газдар болып табылады.
Азық-түлік стандарттарының халықаралық жинағында – ДСҰ-ға мүше барлық елдер үшін бірыңғай Алиментариус кодексінде Е-934 деп белгіленген қоспа жоқ. Ол Ресей Федерациясы мен Ирландияда рұқсат етілген қоспалар тізімінде де жоқ.
Бұл тізімдерде аспарагин қышқылы да жоқ. Бірақ ол көптеген биологиялық белсенді қоспалар мен мультивитаминді кешендердің құрамында бар. Аспарагин қышқылы роликте айтылғандай, әскери улы зат емес, бұл – адам ағзасында өндірілетін және көптеген тағамдарда кездесетін эндогендік қышқылдардың бірі. Адам ағзасында аспарагин қышқылы жүйке импульстарын беру процесіне белсенді қатысады. Сүт өнімдері, ет, балық, теңіз өнімдері, жаңғақ, спаржа, жүгері, бұршақ және басқа да тағамдар аспарагин қышқылына бай. Оларды жеу мидың зақымдалуына әкелмейтіні анық.
Енді видеода айтылған лоботомия туралы айтып өтейік. Біріншіден, лоботомия – бұл арнайы құралдардың көмегімен жасалған хирургиялық операция. Оны удың көмегімен жасау мүмкін емес. Екіншіден, лоботомия – бұл мидың жарты шарларын бөлу емес, мидың маңдай бөліктерін алып тастау немесе өзгерту. Бұл екі жолмен жүзеге асырылады – көз ұясы арқылы немесе бас сүйегінде тесік бұрғылау арқылы. Мұндай ота ХХ ғасырдың ортасында танымал болғанына қарамастан, тиімсіз және өте қауіпті болып шықты. 1950 жылдардың аяғы мен 1970 жылдардың басында көптеген елдерде оған толықтай тыйым салынды.
Жарты шарды бөлу операциясы – бұл лоботомиямен ешқандай байланысы жоқ араласу. Мұндай операция барлық басқа емдеу әдістері көмектеспегендіктен эпилепсиямен ауыратын науқастарға тағайындалған. Бұл жағдайда жарты шарлар толығымен кесілмеген – тек күсті дене ғана, нәтижесінде кейбір науқастар өздерін айтарлықтай жақсы сезінген. Процедура әскери улағыш заттардың немесе удың емес, хирургиялық құралдардың көмегімен орындалған. Қазіргі кезде мұндай операция жасалмайды. Бүгінде жанама әсерлері әлдеқайда аз заманауи дәрі-дәрмек бар.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, роликте айтылған тезистер ғылымға қарсы өтірік деп айтуға болады. Сағыздың құрамына әскери улағыш заттар кірмейді. Аспарагин қышқылы – бұл у емес, адам ағзасында өндірілетін және оның қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет зат. Лоботомия және ми жарты шарларының бөлінуі – бұл удың немесе улағыш заттармен жасалмайтын екі түрлі операция.
Демек, таралған роликке сенудің қажеті жоқ.