Fake News

Алаяқтық: «Халықтық IPO-ға» қатысып, қазірдің өзінде күн сайын 117 мың теңгеден алуға болады»

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтарға «Халықтық IPO» бағдарламасына қатысушылардың күнделікті табысы 117 мың теңгеден жоғары болады деп айтылған жарнама көрсетіледі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың фотосуреті пайдаланылған жарнама бұл төлемдерді Мемлекет басшысының өзі бекіткендей ұсынылып отыр. Мұның бәрі алаяқтардың ісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық IPO» бағдарламасын қайта жаңғыртуды тапсырды. Алайда, төлемдер мөлшері мен олардың жүйелілігі жайлы айтқан жоқ.

Бүгінгі таңда бағдарламаны іске қосуға дайындап жатыр. Бағдарлама туралы барлық өзекті ақпарат ұсынылған ресми сайт ашылды, сондай-ақ қалалар мен ірі кәсіпорындарда кездесулер өткізіліп, адамдарға қатысу ережелері түсіндірілуде.

Әзірге бағдарламаның ресми басталу мерзімі жарияланған жоқ.

Дегенмен, алаяқтар «Халықтық IPO» атауын қолданып, іс жүзінде жоқ жобаларға ақша салуға адамдарды белсенді тартуда.

«Халықтық IPO» бағдарламасына жетекшілік ететін «Самұрық-Қазына» қоры қазақстандықтарды осындай алаяқтардың іс-әрекеті туралы бірнеше рет ескертті.

– «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстан Республикасы Үкіметінің жекешелендіру жоспары шеңберінде ІРО-ға шығаруға жататын ірі компаниялардың акционері ретінде фейк ақпаратта ұсынылған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдейді. Әзірге қор нарығына «Эйр Астана» және «ҚазМұнайГаз» сияқты екі компанияның бағалы қағаздарын шығару жоспарланып отыр. Бұл компаниялардың акцияларын қор нарығына орналастырудың нақты күндері әлі белгіленген жоқ және капитал нарықтарындағы конъюнктураға және компаниялардың жағдайына байланысты болады. Бұл ретте қор нарығына шығару жоспарланып отырған ұлттық компаниялардың акциялары бойынша кірістілік нарық конъюнктурасымен айқындалатынын ерекше атап өткен жөн», — деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорының Telegram-каналында IPO-ға кәсіби қатысушылардың Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен лицензиясы болатыны және оның бар-жоғын Агенттіктің ресми сайтынан тексеруге болатыны айтылған.

Демек, таралған жарнаманың «Халықтық IPO» бағдарламасына ешқандай қатысы жоқ және оны алаяқтар қазақстандықтарды алдау үшін жасаған. Баршаңызды қырағы болуға және қысқа мерзімде ірі төлемдер алуға уәде еткен хабарламаларға сенбеуге шақырамыз.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button