МАСКА ЕРКІНДІКТЕН АЙЫРАДЫ – БҰЛ РАС ПА?
Маска тағу адамды еркінен айырып, оның психикасына зиян келтіреді – Facebook пайдаланушысы осындай пікірін білдірген және оны қолдағандар да көп. Бұл теорияның авторы хиджабтың пайда болу тарихына және бұрынғы концлагерь тұтқынының тәжірибесіне жүгінеді. Біз де осы мәселені зерттедік – маска әлемдік індеттер тарихында миллиондаған адамның өмірін сақтаған.
БЕТТІ ЖАУЫП ЖҮРУ ДӘСТҮРІ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ
– 2300 жыл бұрын, Ислам діні тарағанға дейін, арабтар МҰРНЫ мен АУЗЫН жауып жүруге мәжбүрлеу адамдарды еркінен, дербестігінен, ерекшелігінен айыратынын байқаған. Бұл оларды бағынышты етеді. Сондықтан олар әр әйелді бетін матамен жауып жүруге МІНДЕТТЕДІ. Кейіннен Ислам мұны әйелдің Аллаға, гарем иесіне және патшаға мойынсұнудың символына айналдырды, – деп жазады Facebook пайдаланушысы.
Шындығында, вирустардан қорғану үшін маска тағу мен адамдардың басын жауып жүру дәстүрінің пайда болуының немесе бетті жауып жүрудің арасында мыңдаған жылдар өтті, сондықтан бұлардың арасындағы тікелей байланысын табу қиын. Орамал тағу ережелерін реттейтін алғашқы жазбаша дереккөз Шумер өркениетіне жатады және Иштар әйел-құдайына қызмет етумен байланысты.
Орамал тағу кейіннен б.з.д. ХІІ ғасырда Ассирия мемлекеті патшасының заңымен бекітілді, бұл туралы Киелі кітапта айтылған және грек-рим өркениетінде де бар. Басына орамал тақпаған әйелдерге Рим ассамблеяларына қатысуға тыйым салынған.
Пост авторы атап өткен Ислам дінінде бет пен басты жауып жүру дәстүріне қатысты пікірталастар әлі де толастамай тұр. Исламды зерттеуге маманданданған француз теологы Рашид Бензиннің пайымдауынша, Құран мәтінінде әйелдердің басын немесе бетін жауып жүру туралы тікелей міндеттеме жоқ. Дененің жасырылатын және қасиетті кітаптың мәтінінде айтылатын жалғыз бөлігі – кеуде.
Бетті жауып жүру дәстүрі Исламға дейін Африка елдерінде жергілікті климаттық жағдайларда қорғанудан қалыптасқан. Әйелдер аса құнды саналатын патриархалды қоғамдарда олар Құран пайда болғанға дейін «қарапайым» киім киюге мәжбүр болған. Ал, туарегтер қоғамында әйелдердің орны бөлек. Олар ашық жүзбен жүре береді, ал ер адамдар болса, бетін жабады. Туарегтердің «тигельмуст» шарфымен бетін жауып жүру әдеті, ең алдымен, жындардың адам бойына қонуына жол бермейтін Исламға дейінгі ежелгі «ауызды қорғау» жорасынан шыққан. Бұл шөл далада құмнан қорғану қажеттілігіне байланысты болуы мүмкін.
МЕДИЦИНАЛЫҚ МАСКА ТАРИХЫ
XIV-XVIII ғасырларда Еуропада бірнеше рет оба індеті тараған. Сол кездегі дәрігерлер инфекцияның ауа-тамшы жолымен жұғатынын анықтайды. Франция королі Луи XIII дәрігері Шарль де Лорм тыныс алу үшін екі кішкентай тесігі бар тұмсық тәрізді картон маска жасап шығарды. Ал масканың тиімділігін арттыру үшін оның ішіне дезинфекциялық заттар – кептірілген гүлдер, хош иісті шөптер, дәмдеуіштер мен камфора салған.
Өнеркәсіптік революция дәуірінде еңбек гигиенасының негізін қалаған италиялық Бернадино Рамаццини батпақта жұмыс істейтіндерге зиянды газдардан қорғану үшін беттеріне мата тағып жүруді ұсынған. Кейіннен маскаларды жұмысшылар мен басқа да өндірістер қолдана бастайды.
ХІХ ғасырдың соңында науқастың дәрігерден инфекция жұқтырғанына күдіктенген неміс дәрігері Карл Флюгге операция кезінде бетперде тағуды әдетке айналдырады. Осы кездері Парижде хирург Пол Бержер медициналық маска қолдануды тәжірибеге енгізеді, содан бері бетперде кез келген операциялық бөлменің міндетті атрибуты болып табылады.
МАСКАНЫҢ КОРОНАВИРУС ПАНДЕМИЯСЫ КЕЗІНДЕГІ ТИІМДІЛІГІ
Пандемия кезінде маска тағу ауру жұқтырған адамнан ауаға тарайтын заттарды азайтады. Ғалымдар SARS-CoV-2 тұмауға қарағанда өте жұқпалы, ауыр және көп жағдайда өлімге әкелетінін анықтады. Бұл ауру ересектер арасында негізінен мөлшері аэрозоль тамшыларының диаметрімен салыстыруға болатын вирус бөлшектерінен, су мен ақуыздан тұратын ауа арқылы таралады. Сонымен қатар, маска тағудан қандағы оттегі мөлшері төмендемейтіні, сондай-ақ СО2 концентрациясының артпайтыны анықталды. Керісінше, маска тыныс алу процесіне қатысатын бұлшық еттерді жаттықтырады.
Нью-Йоркте жалпы маска тағу ережесін енгізу мен сырқаттанушылық деңгейінің төмендеуі арасындағы байланыс анықталды, оны бұл ереже енгізілмеген елдегі жалпы жағдайдан көруге болады. Бірінші графикте Нью-Йорктегі сырқаттанушылық қисығы, маска тағу міндетті болған сәттер көгілдір сызықпен белгіленген. Екінші кестеде – АҚШ-тағы жағдай.
Бүгінгі таңда әлемнің көптеген елдерінде жабық орын-жайларда ғана емес, көшеде де бетперде тағып жүру міндеттелді, өйткені бұл қорғаныс құралы түрлі зерттеулер барысында өзінің тиімділігін дәлелдеді.
Фейсбук пайдаланушысының, маска таққызудың мақсаты – халықты еркінен айыру екендігі даулы мәселе, өйткені көптеген өндірушілер адамның беті көрініп тұратын да бетперделер шығарып жатыр. Осылайша, есту қабілеті нашар адамдар мөлдір экранның көмегімен сөйлеп жатқандарды түсіну мүмкіндігіне ие болады.