Фейк: «Аңдыз бен қырмызы тұнбасы глаукома мен катарактаны емдейді»
Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар көз ауруларын, соның ішінде глаукома мен катарактаны емдеуге көмектесетін тұнбалар рецептісімен бөлісуде. Бұл қандай аурулар және халықтық ем оған шипа бола ма? Түсіндіріп өтейік.
Көз ауруларын емдеуге арналған рецепт Instagram-да жарияланды. Белгісіз автор аңдыз бен қырмызыны арақпен араластырып, оны күніне үш рет қабылдауға кеңес береді. Ол бір жылда осындай төрт бөтелкені ішуді ұсынады. Ол анасының жағдайын айтып, емнің шипасы барын растайды. Бұл тұнбаны қабылдағаннан кейін оның бір көзі көре бастаған, екінші көзіндегі шел кеткен.
Глаукома – көз ауруларының үлкен тобы. Оған көз ішілік қысымның тұрақсыз болуы немесе тұрақты түрде жоғарылауы тән, бұған көзге шыдай алмайды. Нәтижесінде құрылымы зақымдалады, көру өткірлігі төмендейді және оптикалық нерв атрофиясы пайда болады.
Глаукоманы емдеу мүмкін емес, жүйкенің зақымдануы қайтымсыз және адам көру қабілетінен айырылады. Дәрі-дәрмекпен емдеу көзішілік қысымды қалыпқа келтіреді, аурудың дамуын баяулатады немесе тоқтатады. Лазерлік және микрохирургиялық емдеу тиімді емдеу әдістеріне жатады.
«Бұл адам өмірінің соңына дейін созылатын ауру. Офтальмологтар көз қысымын төмендететін тамшыларды жазып береді. Соның арқасында визуалды функциялары тұрақтанады, ал соқырлық процесі баяулайды. Бірақ глаукома қалады. Бұл консервативті ем. Ол ешқандай нәтиже бермесе, емдеудің хирургиялық әдістері қолданылады», – деп түсіндірді жоғары санаттағы дәрігер, Көз микрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Динара Тоқсамбаева.
Катаракта – бұл көз жанарының бұлдырауымен байланысты және көру қабілетінің әртүрлі дәрежеде бұзылуын тудыратын, оның толық жоғалуына әкелуі мүмкін патологиялық жағдай. Бұл ауру да қайтымсыз. Катаракта тек хирургиялық жолмен ғана, көз жанарын ауыстыру арқылы емделеді.
«Катарактаның бастапқы кезеңдерінде көз тамшылары да қолданылады, олар көз жанарының қоректенуін жақсартады және катарактаның тығыздалу процесін баяулатады. Бірақ процесс тоқтамайды. Егер тамшылар қолданылмаса, онда катаракта тығыздалады, мысалы, 3 жылдың ішінде, ал тамшы қолданылса- 10 жылда. Катаракта жетілген кезеңде көз жанарын ауыстыруға бағытталған ота ғана көмектеседі», – деп түсіндірді Динара Тоқсамбаева.
Осылайша, рецепт авторы әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды жаңылыстырады, ол емделмейтін көз ауруларын тұнбалармен емдеуді ұсынады.
«Өзін-өзі емдеу үлкен зиян келтіреді. Мұндай тұнбалар көзге мақсатты әсер етпейді. Арақ тұнбалары, аз мөлшерде болса да, тәуелділікке соқтыруы мүмкін. Сондай-ақ, әртүрлі шөптерден тұнбалар жасағанда, аллергиялық компоненттер ескерілмейді, олардың реакциясы кейбір адамдарды өлімге әкелуі мүмкін», – деп ескертеді сарапшы.