ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Нұр-Сұлтанда «Volga Dnepr Airlines» әуе компаниясы ұшағының ұсталғанына қатысты пікірін білдірді
Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде «Нұрсұлтан Назарбаев» әуежайында «Volga Dnepr Airlines» әуе компаниясы бортының ұсталғаны туралы жаңалықты талқылауда. Кейбір пайдаланушылардың пікірінше, ұшақ Украина билігінің өтінішімен ұсталған. Бұл олай емес.
Үрімші (ҚХР) – Нұр-Сұлтан – Мәскеу коммерциялық рейсін орындаған «Volga Dnepr Airlines» әуе компаниясының ұшағы биыл 26 маусымда Нұр-Сұлтан әуежайында ұсталды.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
– Борт экипажы және олардың өкілі кедендік құжаттарды, кедендік операцияларды белгіленген мерзімде әзірлеу үшін мәліметтерді уақытылы ұсынбаған. Сондықтан авиакомпанияға қатысты ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 538-бабы «Кедендік декларацияны, құжаттар мен мәліметтерді беру мерзімдерін бұзу» бойынша әкімшілік іс қозғалды. Осы баптың санкциясымен жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес тасымалдаушы немесе өзге де белгіленген тұлғалар келу туралы хабарлама алған сәттен бастап кеден органының жұмыс уақытының үш сағаты ішінде көлік құралына кедендік декларацияны толтыруға міндетті, – деп хабарлады ведомстводан.
Сондай-ақ, әуе компаниясының өкілдері бұзушылықты мойындағаны және барлық кедендік операцияларды орындағаннан кейін әуе кемесінің жіберілетіні айтылды.
Комитет өкілдері оқиғаның саяси негізі барын жоққа шығарды және бұл әкімшілік құқық бұзушылық екенін атап өтті.
Мемлекеттік кірістер комитеті 29 маусымда сағат 15.30-да қосымша хабарлағандай, әкімшілік іс қозғалды, кедендік ресімдеу жүргізілді және әуе кемесі елорда әуежайынан ұшып шықты.