Манипуляция: «Коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасы енді әсер етпейді»
Әлеуметтік желілерде Канада Денсаулық сақтау министрі Жан-Ив Дюкло COVID-19 қарсы вакцинаның екі дозасы енді әсер етпейді деп мәлімдеген видео тарады. Бұл өтірік.
Денсаулық сақтау министрі 14 маусымда, сейсенбі күні, Оттавада ауруды жұқтыру жағдайларының төмендеуіне байланысты әуе және теміржол саяхатшылары үшін COVID-19 қарсы міндетті вакцинацияға берілген мандатты тоқтата тұру туралы жариялағаннан кейін өткен баспасөз мәслихатында сөз сөйледі.
Шын мәнінде, Дюкло Канада үкіметі денсаулық сақтау мамандарының ұсыныстарына байланысты COVID-19-ға қарсы «толық вакцинацияланған» анықтамасын қайта қарайтыны туралы айтты. Қазіргі уақытта вакцинаның екі дозасы толық вакцинация деп қабылданады. Бірақ Канаданың жетекші дәрігерлері, соның ішінде елдің бас санитарлық дәрігері Тереза Тэм вакцинаның тиімділігі алты айдан кейін айтарлықтай төмендейді деп санайды – 50-80%-дан 20%-ға дейін және одан да төмен. Осыған байланысты денсаулық сақтау ведомствосы канадалықтардың ревакцинациясын «көтермелеуді» ұсынады.
«Вакцинаның екі дозасы әлі де болса ауыр аурулардан және өлімнен жақсы қорғайды, бірақ қазір екі доза инфекцияны тарату мен одан қорғану үшін жеткіліксіз. Сондықтан біз вакцинацияның «өзекті» анықтамасына көшеміз», – деді Жан-Ив Дюкло.
Коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасы әлі де тиімді. Екпелер аурудың ауыр ағымынан және өлімнен қорғайды. Бірақ вирустың жаңа нұсқаларынан, мысалы, омикрон мен дельтадан қорғаныс азаяды, Ұлыбританияда жүргізілген зерттеулер нәтижесі осыны көрсетіп отыр. Қосымша екпе – бустер – қорғаныс тиімділігін арттырады, сонымен қатар иммундық жүйенің антиденелер қалыптастыруды ұмытуына жол бермейді.