Fake News

Фейк: «Елдер өз азаматтарына тәжірибе жүргізуге рұқсат берді»

Қазнетте көптеген елдердің үкіметтері өз азаматтарына тәжірибе жүргізуге ерікті түрде рұқсат бергені туралы айтқан қыздың видеосы тарады. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттердің барлығы төмен пайызбен несие алу үшін Картахендік келісімге қол қойған екен. Оған сәйкес, егер несиені өтеу мүмкін болмаса, онда ел азаматтарына гендік тәжірибелер жүргізуге болады деген тармақ қарастырылған. Мұның неге өтірік екенін түсіндірейік.

Алдымен терминология мен құжаттаманы анықтап алайық.
Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) 1995 жылы 1 қаңтарда бұрын болған Тарифтер мен сауда туралы бас келісімнің (ГАТТ) орнына құрылды.
Биоқауіпсіздік жөніндегі Картахен хаттамасы – бұл елдер арасында тірі өзгертілген ағзалардың (ТӨА) орын ауыстыру мәселелерін реттейтін халықаралық құжат. Ол 2000 жылдың қаңтарында қабылданып, 2003 жылы күшіне енді.
Хаттаманың өзі БҰҰ-ның биологиялық әртүрлілік туралы конвенциясына қосымша болып табылады.
Осы құжаттарға сәйкес, ТӨА барлығына белгілі ГМӨ – гендік модификацияланған өнімдер болып табылады. Бұл санатқа өсімдіктер, жануарлар мен микроағзалар жатады. Адамдарға қатысты ГМӨ немесе ТӨА ұғымдары қолданылмайды. 
Видеода қыз айтқан Нюрнберг кодексі – бұл 1947 жылы тамызда нацистік дәрігерлерге қатысты Нюрнберг процесі аяқталғаннан кейін қабылданған кодекс. Онда адамға жүргізілген тәжірибе немесе сынақтарының ережелері мен этикалық нормалары сипатталған. 
ДСҰ-ның жарғылық құжаттарында да, Биологиялық әртүрлілік туралы конвенцияда да, Картахен шартында да адамдарда жүргізілген қандай да бір тәжірибелер туралы айтылмайды.
Сондай-ақ бұл құжаттардың ешқайсысы Нюрнберг кодексіне қайшы келмейді.
Сонымен қатар ДСҰ-ға мүше елдердің саясаткерлерінің ешқайсысы бұл кодекстің күшін жою туралы мәлімдеген жоқ. Осы жылдың қаңтарында Желіде ЕО көшбасшылары осындай бастама көтергені туралы ақпарат шықты, бірақ ол жалған болды. Оны Delfi.lt, stopfake.org, voxukraine.org, provereno.media және Assosiated Press порталдарының фактчекерлері жоққа шығарды.
Демек, таратылған ақпарат – фейк. Видео авторы күрделі терминологияны әдейі қолданып, адамдарды шатастыру үшін көптеген халықаралық құжаттар туралы айтады. Шын мәнінде, ол айтқан барлық шарттар мен конвенциялар баршаға қол жетімді және оларда адамдарда тәжірибелер жүргізу туралы айтылмайтынына және олардың ешқайсысы Нюрнберг кодексіне қайшы келмейтініне көз жеткізуге болады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button