Fake News

Конспирология: «Атлантиданы жаппай вакцинациямен жойды»

Қазнет пайдаланушыларында ерекше теория пайда болды. Олардың ойынша, ежелгі Атлантида өркениеті белгісіз «біреулер» жойған, атланттарды жаппай өлтіру үшін вакциналар қолданылған. Біз бұл теорияны талдап, түсіндірейік.


Алдымен Атлантида туралы айтайық. Атланттар және олардың ерекше дамыған өркениеті туралы алғаш рет ежелгі грек ойшылы Платон өзінің «Диалогтарында» жазған. Шығармада Атлантида туралы әңгімелейтін кейіпкер ол туралы әкесінен, ал ол өз кезегінде басқа ақсақалдан білгенін айтады. Платон берген сипаттамаға сәйкес, Атлантида – бұл Гибралтар бұғазының кіреберісінен батысқа қарай Атлант мұхитында орналасқан арал. Ежелгі грек ойшылының айтуынша, Атлантиданың ғұмыры қайғылы аяқталған – арал барлық тұрғындарымен, әдемі қалаларымен суға кеткен. 
Сол кезден бастап ғалымдар, зерттеушілер, құпиялар мен жұмбақтарға әуес жандар Атлантида тарихына қызығушылық танытуда. Әр түрлі уақытта Атлантиданың барын анықтауға және дәлелдеуге тырысқан іздеу экспедициялары көп болды. Олар оны әртүрлі жерлерде, соның ішінде Анд пен Бразилиядан да іздеді. Ең ауқымды іздеу науқандарының бірі фашистік Германия кезінде басталды. Адольф Гитлердің жақтастары батып бара жатқан аралды іздеуге көп күш пен қаржы жұмсады. Бұған қарамастан, олар да, басқалар да Атлантиданың болғанының іздерін таба алмады.
Бүгінгі таңда ғалымдар алға тартқан ең сенімді теориялардың бірі – Атлантиданың түпбейнесі біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықта Миной өркениеті гүлденген Крит аралы болды.
Минойлықтар өз заманындағы халықтар үшін қатты дамыған еді. Миной дәуіріндегі бас сәулет ескерткіштерінің бірі – Минотавр туралы аңыздағы лабиринттің түпбейнесіне айналған Кносск сарайы.
Миной өркениетінің тарихы аяқ астынан қайғылы жағдаймен аяқталды. Фера аралындағы Санторин жанартауының атқылауынан туындаған цунамидің салдарынан Крит аралының бір бөлігі жойылып, су астында қалды. 
Миной өркениеті мен Атлантиданың тарихы, мәдениеті және ойдан шығарылған жойылу жағдайы ұқсас болғандықтан оның атланттар мен ежелгі әдемі қала туралы мифтердің түпбейнесі деп санайды.
Вакциналарға және жаппай егу науқандарына келетін болсақ, мәдениет қаншалықты дамыса да, минойлықтар да, олардың замандастары да бұл туралы естімеген.
Әлемдегі ең алғашқы вакцинаны Эдвард Дженнер 1796 жылы ойлап тапқан. Бұл табиғи шешекке қарсы вакцина болды. Ол XIX ғасырдың басында ғана жаппай өндіріліп, адамдарға қолданыла бастады.
Қорыта айтқанда, мифтік Атлантиданың жойылуы нақты вакцинациямен байланысты болуы мүмкін емес. Бір кездері атланттар болса да, олар алғашқы, ең қарапайым вакцина шығарылғанға дейін өмір сүрген.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button