Фейк: «Давоста Дүниежүзілік форумда өлтірілген нәрестелердің миынан алынған зат жарнамаланды»
Telegram-да ерекше жапсырмасы бар көліктің бейнежазбасы тарады. Мәтінде өлтірілген нәрестелердің миынан алынған адренохромға тапсырыс берсеңіз, үйге дейін жеткізіп береміз, тіпті заттың дәмін де таңдауыңызға болады делінген. Бұл әзіл.
Алдымен адренохромның не екенін, оны баланы өлтіріп қана алуға болады деген теорияның қайдан шыққанын естеріңізге салып өтейік.
Адренохром – адреналиннің тотығу өнімдерінің бірі. Ол балалық және ересек адреналиннен алынады. Ғалымдар оны зертханаларда синтездей алады, бұл үшін ешкімді өлтірмейді. Бұл зат әртүрлі медициналық зерттеулерде, сондай-ақ қан ұюының бұзылуына арналған дәрі ретінде кеңінен қолданылады. Оны дәріханадан сатып алуға болады, бұл құпия емес.
Конспирологияны жақтаушылардың пікірінше, адренохромның эйфория тудыру, күш беру қасиеттері бар, тіпті қартаю процесін бәсеңдетіп, өмір сүру ұзақтығын ондаған жылға арттырады. Мұның бәрі өтірік. Адренохромның мұндай қасиеттері жоқ.
Дегенмен, конспирологиялық теория адренохромды алудың әдістері мен оның қасиеттері туралы жалған идеяларға негізделген. Бай және танымал адамдар адренохром алу және «жасару» үшін жас балаларды ұрлап, өлтіреді екен. Фактчекерлер, саясаткерлер және көптеген ведомстволардың ресми өкілдері бұл идеяның мүлдем дәлелденбегенін және шындыққа жанаспайтынын бірнеше рет мәлімдеген.
Видеодағы әр түрлі дәмі бар адренохромды жеткізуді жарнамалайтын жапсырмасы бар көліктің Давостағы халықаралық форумға ешқандай қатысы жоқ. Бұл ролик Желіде 2021 жылдың мамыр айынан бастап таралуда. Ол кезде форум өткізілген жоқ.
Жапсырманың өзіне келетін болсақ, оның әзіл екені анық. Жапсырмада адренохром алдыру үшін «байланыс ақпарат» көрсетілген. Затқа «тапсырыс беру» үшін іздеу жүйесінде CCRuWu комбинациясын теру керек. Осы сұраныс бойынша Google-да әр түрлі тақырыптағы, соның ішінде конспирологиялық теориялар туралы мемдер мен әзілдер жариялайтын Telegram арнасына сілтеме шығады.
Айта кетейік, адренохром туралы жазылған жапсырмаларды онлайн маркет-плейстерден де табуға болады. Алайда, бұл балаларды ұрлау және өлтіру, олардың миын жейтін танымал тұлғалар туралы теория шындық дегеннің белгісі емес.
Қорыта айтқанда, Давоста Дүниежүзілік форум кезінде өлтірілген балалардың миынан алынған заттың сатылғаны туралы хабарлама – фейк.