Дәлелсіз: «Әнші Граймс пандемияның болатынын айтқан»
Әлеуметтік желі қолданушылары Илон Масктың бұрынғы әйелі әнші Граймс адамзатқа пандемияның болатыны туралы ол басталғанға дейін ескерткен пікір айтуда. Желіде сәуегейліктің белгісі ретінде артистің Instagram-дағы эмоджи салынған тас бейнеленген посты ұсынылуда. Бұған дәлел бар-жоғын түсіндіріп өтейік.
Граймс бұл жазбаны 2019 жылғы 4 қыркүйекте жариялады. Постты оқысақ, ол пандемияны болжамайды, әншінің сол кезде violence әніне арналған жаңа клипінің шығуына арналған.
Музыкалық бейнебаянда әнші мен оның қасындағы қыздар бетпердеде билеп тұрған сәттер болғандықтан, конспирологияның ағылшын тілді жақтаушылары бірден тастағы эмоджидің жұмбақ бейнесі және клиптегі қыздардың бетперде тағуы – бұл нақты болжам деген теорияны алға тартқан.
Шын мәнінде, кейіннен Граймстың өзі түсіндіргендей, ол түсірілім кезінде қатты қобалжып, мимикасын басқара алмағандықтан, клипте қыздар бетперде таққан. Мұны қыздарға хореограф ұсынған. Бастапқыда видео сценарийінде маскалар мүлдем болмаған.
Тасқа салынған эмоджиге келсек, оны пандемияның болжамы деп санауға негіз жоқ. Біріншіден, суреттегі шприцтер COVID-19 қарсы вакцинацияның ғана емес, кез келген емнің белгісі болуы мүмкін. Екіншіден, шприцтердің жанында ұшатын табақша салынған. Бұл суреттің шынайылыққа ешқандай қатысы жоқ екенін анық көрсетеді. Егер шприцтер бейнеленген тастағы эмоджи тізбегі 2020 жылды білдіреді деп пайымдасақ, онда ақша, шам, өрмекшілер мен жүректер салынған бұған дейінгі тізбек 2019, 2018 және 2017 жылдардың белгісі болуы тиіс. Алайда, ол кезде осы символдармен сипатталуы мүмкін ауқымды оқиғалар болған жоқ.
Граймстың керемет артист және суретші екенін ерекше атап өткен жөн. Ол басты кейіпкерлері кибер сәбилер, періштелер және эльфтер болған жеке NFT топтамасын жасаған.
Сондай-ақ, ол көркемдік шоу аясында өз жанының бір бөлігін сатқаны белгілі.
Демек, Граймстың жұмысын дәлме-дәл қабылдаудың қажеті жоқ. Бұл болашақты болжау емес, оның қиялының жемісі болып табылады.