Дәлелсіз: «Үш мәрте вакцина салдырған боксшы рингте көз жұмды»
Қазнетте тегі түрік неміс боксшысы Мұса Ямактың кенеттен қайтыс болғаны туралы хабар тарады. Пайдаланушылардың айтуынша, спортшы COVID-19 қарсы вакцинаның үш дозасын алған және бұл оның өліміне себеп болған. Бұл дәлелденбеген.
Мұса Ямак – 2017 жылдан бастап кәсіби рингте өнер көрсеткен боксшы, ол биыл 14 мамырда Уганда боксшысы Хамза Вандерамен болған жекпе-жекте қайтыс болды. Екінші раундта Ямак қарсыласының ауыр соққысын өткізіп алғаны белгілі, ол бірер уақытқа тепе-теңдігін жоғалтқан. Ал үшінші раунд басталарда кенеттен құлаған.
Дәрігерлер бірден көмек көрсетіп, боксшыны ауруханаға жеткізген. Алайда ол қайтыс болды.
Ямактың өлімінің себебін түрік депутаты Хасан Тұран хабарлады. Ол өзінің Twitter-дегі парақшасында боксшының жүрек ұстамасынан көз жұмғанын жазған.
Шын мәнінде, кәсіби спортшылар арасында жүрек ұстамасы сирек кездеспейді. Статистикаға сәйкес, ол спортшылар өлімінің медициналық себептерінің тізімін бастап тұр.
Айта кетейік, кәсіби спортшылар арасында аяқ астынан болған жүрек ұстамасы COVID-19 пандемиясына және індетке қарсы вакциналардың пайда болуына дейін де болған. Сондықтан оларды байланыстырып, өлімге иммундау себеп болды деп айту дұрыс емес.
Ашық дереккөздерде Мұса Ямактың COVID-19 қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын салдырғаны туралы ақпарат жоқ. Бұл туралы оның өзі де, туыстары да, ресми тұлғалар да мәлім етпеген.
Оның үш рет егілгені туралы ақпарат – дәлелсіз және ойдан шығарылған.
Демек, Мұса Ямактың өліміне вакциналар себеп болды деген хабарлар негізсіз.