Көрікті орындар ішіндегі танымал фейктер
Саяхатшылар гидтердің әңгімелерін тыңдап, әлемге әйгілі көрікті жерлерде суретке түседі. Алайда, олар туралы мәліметтер кейде жалған болады. Stopfake.kz танымал туристік фейктер туралы шағын материал әзірледі.
Баршамызға танымал фейктердің бірі – Лондонның Бейкер-стрит көшесіндегі Шерлок Холмстың үйі. Артур Конан-Дойлдың шығармаларына сәйкес, Шерлок Холмс пен оның досы доктор Ватсон 1881-1904 жылдары Бейкер-стрит көшесінде 221b пәтерде тұрған. Бірақ кітаптар жазылған кезде Лондонда мұндай мекен жай мүлдем болмаған.
Бейкер-стриттегі музей орналасқан және Холмстың «пәтері» жаңғыртылған үйдің нақты номері – 239. Бірақ туристер үшін алдымен «дұрыс» сандар жазылған маңдайша жасалды. Кейінірек бұл ғимаратқа ресми түрде 221b номері берілді, осылайша әйгілі детективтің табынушыларының хаттары музей-үйдің мекен жайына келіп түседі.
Гидтер айтатын тағы бір аңыз – Веронадағы Джульеттаның балконы. Шекспирдің туындысындағы кейіпкерлердің прототиптері белгісіз, олардың мекен жайы да беймәлім. Бірақ пьесадағы Капулетти әулетінің түпбейнесі Даль Капелло әулеті болып саналады. XIII ғасырда Веронада салынған үй осы отбасыға тиесілі болған. Қазір ол – муниципалды меншік. Ғимарат қалалық биліктің қолдауымен қалпына келтірілді және Веронадағы ең көрікті орын болып табылады. Оны тамашалау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен туристер жиналады.
Ал, әйгілі балкон ХХ ғасырда 1936 жылы Джордж Кукордың «Ромео мен Джульетта» фильмі шыққаннан кейін жасалды. Фильмде кейіпкерлер Джульеттаның балконы қарайтын бақта кездеседі. Сондықтан романтикалық сезім тудыру мақсатында үйдің қасбетіне балкон салынды.
Тим Бертонның «Ұйқыдағы ауыл» танымал фильмінің арқасында картада тағы да бір көрікті жер пайда болды. Шын мәнінде, ұйқыдағы ауыл ешқашан болған емес. Вашингтон Ирвингтің әңгімесінде айтылған оқиғалар орын алған провинциялық америкалық ауыл (оның кітабы бойынша фильм түсірілді) бұрын Солтүстік Тарритаун (North Tarrytown) деп аталған. Ауылдағы жалғыз кәсіпорын – автокөлік зауыты жабылғаннан кейін жергілікті билік оның атауын Ұйқыдағы ауыл деп өзгерту туралы шешім қабылдайды. Бұл сәтті маркетингтік қадам болды. Кітап пен фильмнің арқасында танымал болған орынға туристер көптеп келеді. Мұнда қонақтар үшін жергілікті ормандарды аралайтын бассыз шабандоз туралы аңызға байланысты көптеген іс-шаралар өткізіледі.
Алдымен кітапта айтылып, содан кейін ғана пайда болған көркем жерлер көп. Қытайда бұрынғы Zhongdian қалалық үйезінің атауы 2001 жылдың 17 желтоқсанында Джеймс Хилтонның «Жоғалған көкжиек» романындағы фантастикалық елдің атымен Шангри-Ла деп өзгертілді. Бұл қалаға туристерді тарту мақсатында жасалды.
Румынияда Брэм Стокердің әйгілі романының кейіпкері, граф Дракуланың резиденциясы ретінде белгілі Бран қамалы бар. Шын мәнінде, жазушы Дракула лақап атын XV ғасырда Валахия билеушісі III Влад Басарабтан (Влад Цепеш) алған. Бұл прототиптің Трансильванияда жер меншігі болған емес. Дегенмен, жар үстіндегі әдемі Бран қамалы саяхатшылар арасында кеңінен танымал.
Жаңа құрылыстар
Жалған көрікті орындардың қатарында бұрынғы заманнан сақталып келе жатқандары да бар. Бірақ әртүрлі себептермен бұзылып, қайта қалпына келтірілген. Сондықтан тарихи нысандар, мүсіндер мен қирандылар аясында селфи жасайтын туристер, шын мәнінде олардың қай жылдан бері барын білмейді.
Мысалы, Стоунхендж, ертеде салынған қасиетті ғимарат. Ол 1901-1965 жылдары қалпына келтіріліп, қайта «салынды». Жүргізілген ауқымы жұмыстар үлкен дау тудырды. Тастардың көбінің орны ауыстырылды, қазір ол тарихи ескерткішке емес, қайта салынған ғимаратқа ұқсайды.
Ұлы Қытай қорғаны, нақтырақ айтсақ, оның туристер тамашалайтын бөлігі де қайта салынды. Қамалдың бұл бөлігі 1984 жылы жөнделген. Ал қорғаныс құрылымының сақталған учаскелері қатты бұзылған, жарамсыз.
Қайта қалпына келтірілген күрделі тарихи ескерткіштерден көп мысал келтіруге болады. Афины Акрополіндегі әйгілі мүсіндер – дәл көшірмелер. Ал түпнұсқалары Британ музейінде сақталуда.
Тіпті, Санкт-Петербургтегі Аврора крейсері де шын емес. Кеменің тек радиожайы, қоңырауы және машина бөлімінің кейбір бөліктері ғана қалған. 80-ші жылдары корпусының төменгі бөлігі толығымен шіріп кеткендіктен түпнұсқа ауыстырылды. Солтүстік кеме жасайтын орында кеме жаңадан салынып, Нева жағасына қойылды. Ал «Аврораның» қалдықтары Фин шығанағында су астында қалды.