Fake News

Фейк: «Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының бұрынғы директоры болашақта апатты пандемия болатынын болжады»

Танымал қазақстандық Telegram-арналардың бірінде пайдаланушылар Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) бұрынғы директорының құс тұмауы пандемиясы болатыны туралы ескерткен баяндамасын талқылауда. Кейбіреулер мұны болжам деп ойлап, болашақта осындай апат орын алады деп шешті. Бақытымызға орай, бұл олай емес.

Доктор Роберт Редфилд CDC-ті 2018 жылдан 2021 жылға дейін басқарды. Оның лауазымдық міндеттеріне елдегі эпидемиологиялық жағдайды болжау және індеттер мен әртүрлі аурулардың жергілікті өршуінің ықтимал тәуекелдерін бағалау кірді. 2018 жылы ол құс тұмауына қатысты қатты алаңдаушылық білдірді. Роберт Редфилд ата-аналарды балаларды осы ауруға қарсы вакцинациялауға барынша байыппен қарауға шақырып, инфекциядан кейін пайда болатын асқынуларды атап көрсетті. 

Оның құс тұмауына қатысты пікірі қазір де өзгерген жоқ. Биыл 30 наурызда ол TBN телеарнасындағы CenterPoint бағдарламасында құс тұмауы болашақта қорқынышты пандемияға әкелуі мүмкін деп мәлімдеп, АҚШ билігін олай болған жағдайда денсаулық сақтау жүйесін күшейтуге шақырды. 

Бұл жақын арада құс тұмауының қауіпті ошағы болады дегеннің белгісі емес. Сонымен қатар, доктор Редфилдтен басқа да әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды болжайтын адамдар бар және мұны болжам немесе қастандық теорияларын растау деп қарастыруға болмайды.

Тарихта пандемиялар ұдайы болып тұрған, олар туралы деректерді Желіден оңай табуға болады. Қазіргі уақытта урбанизацияға, дамыған және жылдам халықаралық қатынастарға, климаттың өзгеруіне және басқа факторларға байланысты кейбір болжамдар бойынша пандемия жиі болып тұрады.

Осыны ескере отырып, ғалымдар аурудың жаппай өршуіне қандай патогендер әкелуі мүмкін екенін болжауға тырысады. Құс тұмауы – кандидаттардың бірі ғана. Оның қоздырғышы, H5N1 вирусы ауа-тамшы жолдарымен таралады, жоғары вируленттілікке ие және ағымы ауыр болуы мүмкін.

Құс тұмауымен қатар ғалымдар басқа нұсқаларды да қарастыруда. Мұның бәрі денсаулық сақтау жүйелері мен медициналық қызметкерлерді пандемия нақты басталған жағдайда шамадан тыс өлімнің алдын алу үшін барынша дайындау үшін қажет.

Алайда, бұл есептеулер болашақты нақты болжау емес, тек оқиғалардың өрбуінің ықтимал нұсқасы екенін түсінуіміз керек. Сондай-ақ, олар пандемия жоспарланған және вирустар қолдан жасалады деген әлемдік қастандық теорияларын дәлелдемейді.

Осылайша, доктор Роберт Редфилдтің мәлімдемесі – бұл оның жеке пікірі және алдағы уақыттағы эпидемиологиялық жағдайды болжау әрекеті. Бұл жақын арада құс тұмауының қауіпті пандемиясы болады дегеннің белгісі емес.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button