Дүниежүзілік Банктің «карантинді 2025 жылға дейін ұзарту» құжаты туралы хабарламалар – манипуляция
Әлеуметтік желілерде карантиннің 2025 жылға дейін ұзартылатыны туралы хабарлама таратылуда. Дәлел ретінде пайдаланушылар «Дүниежүзілік экономикалық форум» құжатының скриншотын жариялап отыр.
Шын мәнінде, Дүниежүзілік банктің бұл құжаты «COVID-19» стратегиялық дайындық және әрекет ету жобасы» болып табылады. Онда COVID-19 пандемиясының әлемдік экономикаға әсері және оның салдарының қаншалықты ұзақ болатыны туралы айтылған. Сондай-ақ, құжат ұлттық медициналық жүйелер мен экономикаларды қолдау бағдарламасының қанша мерзімге есептелгені көрсетілген. Бес жылдық жобаның мақсаты – денсаулық сақтау саласының дайындығын күшейту, әлемде коронавирустың таралуын бәсеңдету және өлім-жітімді азайту. Құжатта көрсетілген күндер – бұл экономика мен денсаулық сақтау жүйелерін қолдау жөніндегі жобаны іске асыру мерзімі.
Құжатта карантинді ұзарту туралы жазылмаған. Дүниежүзілік банк те, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да пандемияға байланысты карантиндік шектеу шараларын енгізуге құқылы емес. ДДСҰ тек ұсыныстар ғана береді. Әрбір мемлекет локдаунды енгізу немесе ұзарту туралы шешімді өз бетінше қабылдайды.
Қазақстан билігі елде қыркүйек айынан бастап вирустың таралуына байланысты шектеулер қайта күшейтіледі деген хабарларды ресми түрде жоққа шығарды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов 3 қыркүйекте өткен брифингте:
«Бүгінгі таңда сырқаттанушылықтың өсу деңгейі 0,1%-ды құрайды. Науқастар жатқан төсек-орын саны 17%-ға қысқарды. Қазіргі жағдай жаман емес деп айта аламыз. Қазақстанда жаңадан карантин енгізу туралы мәселесі қарастырылып отырған жоқ».
Е.Тоғжанов бұл осы күнге дейін қабылданған шаралардың нәтижесінде мүмкін болғанын атап өтті.
«Әрдайым жалған ақпарат тарататын адамдар болады. Мен отандастарымнан ресми ақпаратқа сенуді сұраймын», – деді вице-премьер.
Әлеуметтік желілерде тараған Дүниежүзілік банк жобасының құжаты туралы хабарлама – манипуляция. Онда нақты мерзімдер көрсетілген, бірақ оның карантинді енгізуге еш қатысы жоқ.