Фейк: «Швеция пандемияның аяқталғанын жариялады»
Қазнет қолданушыларының айтуынша, Швеция пандемияның аяқталғанын жариялаған. Елде мүлдем шектеулер болмаған, енді пандемия аяқталған екен. Бұл өтірік.
Әлемнің басқа елдеріндегідей Швецияда да пандемия жалғасуда. Алдымен Швецияда шектеулер енгізілгенін атап өткеніміз жөн. Пандемия басталған кезде, елдің ұжымдық иммунитет қалыптастыруға ұмтылғаны және локдаун енгізбегені рас, бірақ 2020 жылы күзде мұндай стратегияның әсер бермейтіні белгілі болды. Ол кезде елде 6057 адам індеттен көз жұмса, 162 240-ы COVID-19 жұқтырған болатын. Бұл көрсеткіш сол кезде Еуропадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды. Сондықтан Швеция билігі 2020 жылғы 19 қазаннан бастап бірқатар шектеулер енгізу туралы шешім қабылдады. Елде барлар мен мейрамханалар жабылды, төрт адамнан артық жиналуға тыйым салынды, сондай-ақ, бөлшек сауда дүкендерінің жұмыс кестесі қысқартылды.
Биыл 3 ақпанда бұл шектеулердің көбі алынып тасталатыны белгілі болды. 9 ақпаннан бастап дәмханалар мен мейрамханаларда, стадиондарда және басқа да қоғамдық орындарда келушілер санына шектеулер алынып тасталады. Швеция Премьер-Министрі Магдалена Андерсонның айтуынша: «Пандемия әлі аяқталған жоқ, бірақ біз оның келесі кезеңіне көшудеміз».
Ел билігі карантиндік шараларды жеңілдету туралы шешім адамдар SARS-CoV-2 вирусының басқа мутацияларына қарағанда жеңіл өтетін және ауруханаға жатқызуға апармайтын омикрон нұсқасын көп жұқтыратындығына байланысты болды деп түсіндірді.
Демек, Швецияда пандемия аяқталды деген мәлімдемелер – фейк. Елде пандемия жалғасуда, бірақ омикрон нұсқасының шығуына байланысты адамдар жеңіл түрде ауырады, ал аурушаңдық өскен жағдайында денсаулық сақтау жүйесіне қауіп төндірмейді.